Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Осыған орай, Түркістан облысында үздік педагогтерді басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Алдағы уақытта Түркістан облысы республикада тұңғыш рет 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытады. Бұл бастамаға Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті де өз үлесін қосуға ниет білдіріп отыр.
Бұған дейін Түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда «lesson study» әдісі, АҚШ-та «инклюзивті білім беру», Қытайда «техникалық және кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша тәжірибе алмасқан болатын. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия, Сингапур елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтпек. Мұнда «Жайлы мектеп» пен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына басымдық беріледі.
Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында республикадағы білімі төмен мектептердің тізімі жасалды. Еліміз бойынша анықталған 943 «Мақсатты мектеп» тізімінде өңірде білім сапасы төмен 162 мектеп бар. Ендігі кезекте өңірдегі осы аталған білім ошақтарының білім сапасын жақсарту бойынша жоспар жасалады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдегі білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Бұл – республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында деген сөз. Ал жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа қабылданды.
Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілептің баяндауынша, бүгінде елімізде қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында мұғалімдерге деген сұраныс артпақ. Алдағы жылы еліміз бойынша орта білім беру ұйымдарына 49 мың педагог-маман қажет болуы мүмкін.
— Одан кейін білім саласындағы тағы бір үлкен проблема педагог мамандардың кәсіби шеберлігін көтеру мәселесі болып отыр. Бұл педагог кадрларды даярлау мен мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ісіне келіп тіреледі. Бүгінде Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде Түркістан облысынан 3000-ға жуық студент білім алуда. Өткен оқу жылы 700 түркістандық осы университетті тәмамдаған болса, биыл Түркістан облысынан 627 талапкер біздің оқу орнының грантын иеленді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі де бүгінде өзекті екенін айтып өттім. 2019-2023 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, Түркістан облысында 62 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның 60 пайызы оқуды сырттай бітірсе, 70 пайызы профильді емес жекеменшік оқу орындарында білім алған.
Бүгінде Түркістан облысы әкімдігі мен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Соның нәтижесінде әртүрлі пәндерден сабақ беретін 150 маманды біздің университетте қайта даярлау курсынан өткізу жоспарланып отыр, — дейді Болат Тілеп.