Фред Фидлердің (Fiedler) көшбасшылықтың жағдайлық теориясында тиімділігі мен оның тапсырма мен қарым –қатынастарға қарай бағытталу деңгейі бойынша көшбасшыларды үлкен екі топқа бөлуге болатынын көрсеткен. Біріншісі басым түрде мақсатқа бағытталған, екіншісі қарым –қатынасқа бағытталғанын атап айтқан. Мектеп көшбасшысы бойынан осы айтылған екі қасиет көрініс табуы керек. Өйткені, ол заман талабы. Мектепті басқаруда «өгіз өлмейтін, арба сынбайтындай» шешімдер қабылдау көшбасшылардың алғырлығы мен іскерлігі деуге болады.
«Мұғалім көшбасшылығы» халықаралық жобасы және HertsCam Network желісі мұғалімдерге қолдау көрсетілген жағдайда кәсіби өсу мен бірлескен кәсіби білім беруде іске асырылады деген сенімді қолдап отыр. Жаһандану заманында еліміздегі қоғамның барлық саласында болып жатқан өзгеріс білім беру саласында айналып өтпек емес. Білім беруде бүгінгі таңда сындарлы оқыту (функционалды сауаттылық) өзекті.
Білім беру саласындағы түрлі реформалар мұғалімдерге қолайсыздықтар мен келіспеушіліктер тудыруы ықтимал. Мұндай кезде өзгеріске бейімделіп кету оңай емес. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, үнемі байланыста болу-мұғалімнің шеберлігін шыңдай түсері анық. Мектеп басшыларының өзгеріс талаптарына тез бейімделгіш және өз ұжымдастары мен қоғамды оң өзгерістерге сендіре алатындай көшбасшы болуы заман талабына айналып отыр.
«Барлық істің басшысы — білім мен ұғым» деп Жүсіп Баласағұн айтып өткендей, мектептің басшысы өзінің басқару ісімен, білімділігімен бүгінде мектебін алдыңғы саптан көрсетуге ұмтылады. Мектеп басшысы сапалы даму жұмысына тиімді жолдарын, әрбір мұғалімнің жасаған жұмысына тиянақты баға, тиімді ұсыныстарымен пікір қосып, жұмысының нәтижелі болуы үшін бағыт бағдар мен әдістемелік көмек беріп отырғанда көрсеткіш өнімді болады.
Білім беруде әр мұғалімнің өзінің тәжірибесі сияқты әр мектептің өзінің саясаты, қағидасы болатыны белгілі. Алайда, оқыту тиімді болуы үшін жинақталған тәжірибені қолдана отырып заман көшінен қалмай мектеп жұмысына сапалы әрі тиімді өзгеріс ендіруі керек. Мектеп басшыларының мектеп құрылымы мен дамытудың басымдықтарын қайта қарастыруы қажет, себебі олардың жетекшілігі мен кеңес беруі өте маңызды.
Мұғалім көшбасшылығын дамытудағы мектеп басшысының рөлі қаншалықты маңызды? Бағыт бойынша дамыту жұмыстары қалай еткенде нәтижелі болмақ? Осы орайда бірнеше кезеңдерден тұратын үдерістер жайлы айтып өткенді жөн көріп отырмыз.
1-кезең. Құндылықтарды анықтау. Қызметкерлерге кәсіби тұрғыдан қолдау көрсете отырып, іскерлік қабілетін бағалау.
2-кезең. Кәсіби міндетті анықтау. Мұғалімдерге сенім арта отырып тапсырманы аяғына дейін тиянақты аяқтай алатынын сезіндіру.
3-кезең. Дамыту бағдарламасын құруға арналған келісім мен кеңестер. Белгілі жұмысты толықтай тапсыру және қалай жасалу керектігін мұқият түсіндіру. Тапсырманы дұрыс түсінгеніне көз жеткізу.
4-кезең. Атқарылатын жұмыстардың жоспарын құру. Атқарылуға тиіс жұмыс жоспарын қызметкерлерге теңдей бөліп беру. Әр қызметкерге жүктелген жұмыс жоспарын бақылап, басшылыққа алу.
5-кезең. Атқарылатын жұмыстардың жоспарын құруға арналған келісім мен кеңестер. Қажетті ақпарат көздерімен қамтамасыз ету, қажетті ақпаратқа қол жеткізуге көмек беру. Жоспарда көрсетілген жұмыстарды келісіммен орындау керектігін назарда ұстау.
6-кезең. Зерттеуге негізделген көшбасшылықты дамыту бойынша жұмыс. Зерттеуге берілген жұмыстарға орынсыз килігіп, қисынсыз бағалау жасау кері әсер беруі мүмкін.
7-кезең. Кәсіби білімдердің дамуына жәрдемдесуге ықпал ететін желілік қоғамдастықтағы жұмыс. Атқарылған жұмыс нәтижесімен ұжым мүшелерін таныстырып, сапалы атқарылған жұмыс екенін, маңыздылығын таныстыру.
Мектеп басшысы — білім саласындағы өзгерістерді жүзеге сәтті асыратын, дұрыс шешім қабылдауға басшылық жасаушы тұлға. Өзгерістерді дұрыс жүзеге асыра білген көшбасшы әріптестерін қызықтырып, өзгерістері кеңінен қолдау тауып бірлесе жұмыс істеуге шақырады.
Айталық, біздің мектепте білім берудегі менеджмент қадамдарына сәйкес мектеп ұжымымен көптеген шаралар атқарылды. Мектебімізде қазақ тілі, орыс тілі, ағылышын тілі бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлыларды ұлықтайық» атты онкүндігі болып өтті. Бірлестік мүшелері өздері ұлы тұлғаларды таңдап, сабақ өтетін сыныбының жас ерекшелігіне сай ашық сабақтар, «дөңгелек үстел», жатқа мәнерлеп оқу, эссе сайысын ұйымдастыру, челендж, әдеби кеш өткізді.
«Qazaq bilimi» республикалық ғылыми-әдістемелік ,педагогикалық журналының 2024 жылы ақпан айында №2 санында «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға саналы білім беру мен оларды ортаға қосуды білім беру ұйымдарында жүзеге асыру» тақырыбында материал жариялап сертификатталдым. NIS біліктілікті арттыру курсы « Математика пәні мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігін дамыту» тақырыбы бойынша курстан өттім. «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы және «Qazaq bilimi» республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық материал» республикалық конкурсының «Үздік мақала» номинациясы бойынша марапатталдым.
5, 8 және 10 сынып білім алушыларынан аралық аттестаттау емтиханы алынды. Емтихан өткізу талаптары сақталып, білім алушылардың «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу бағдарламасының көлемін меңгеру деңгейін негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сәйкес балл бағаға айналдырылып қойылды.
У.К.ПРИМБЕКОВА.
М.Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектеп директоры.