М.Әуезовтің «Халық пен халықты, ел мен елді теңестірген білім» дегені адамзат тіршілігінің негізгі тұғырнамасы болып табылады. Тәуелсіздік алғалы бері білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымыздың жарқын бейнесі. Себебі, қай мемлекет болмасын оның дамуы білімді, білікті азаматтарға иек артады. Яғни, бұл болашақта бәсекеге қабі- летті жас маман мойнына жүктелетін абыройлы да жауапты міндет болып отыр. Бүгінгі оқушылар – ертеңгі мемлекетті дамытушы білімді, білікті маман ел тағдырын шешуші азаматтар. Олай болса, еліміздің болашағы болып табылатын бүлдіршіндерімізге тәрбие мен білім беретін педагог мамандардың қолында. Қазір жаһандану әлемі, технология әлемі. Сонымен қатар, қазіргі заман талабында қолөнерді де қатар үйреніп, үйретушілердің саны артуында.
Бала тәрбиесі – игілікті іс. Берері де, сұрауы да, жемісі де мол тәрбие саласының ең өзектісі. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеніне байланысты ұрпақ тәрбиесіндегі істерде де үлкен бетбұрыстар орын алғаны сөзсіз.
Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер… Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі , бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», — деп айтып кеткен. Біздің данагөй халқымыз ежелден бала тәрбиесін болашақ тәрбиесі деп түсінген. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың күш-жігерін дұрыс бағытта жұмсау және бойында тұнып тұрған туа біткен қабілетін ашу, өнерге баулу мектеп мұғалімдерінің қолында.
№7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектепте балаларды жан-жақты дамыту мақсатында «Шебер қолдар», «Жас қаламгер» болашақ тілшілер , «Мәнерлеп оқу»көркемсөз оқушылар, «Домбыра» домбыра үйренушілер үйірмесі жұмыс жасап келеді. Үйірмелер оқушылардың бос уақытты тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Айталық, «Шебер қолдар» үйірмесінде оқушылар қағаздан, матадан, сабыннан әр түрлі заттарды жаусаудың сырларын үйренеді. «Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» дегендей, бұл үйірмелердің берері көп. Үйірмеге қатысушы 6- сынып оқушысы Мұса Сырғалым ауданда өткізілген «Зерде» 1-7 сынып және 8-11 сынып оқушыларының аудандық ғылыми жобалар конкурсында «Сабыннан гүл жасау технологиясы» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, І орынды жеңіп алды. Қазіргі таңда Сырғалым қолөнер заттарын жасап, облыстық сайысқа баруға дайындық үстінде.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, балаға дер кезінде бағдар беру, қабілетін анықтау, оның бойында тасып тұрған күш-қайрат, жігерін орынды жұмсауға үйрету ата-ана мен ұстаздардың міндеті. Болашағымыз жарқын болсын десек, балаларды қолдап жүрейік!