Сарыағаш ауданының Жылға ауылында ғұмыр кешкен Сариевтер әулеті көпбалалы отбасылар қатарынан саналатын. «Сырдария» кеңшарында 40 жылға жуық есепшілік қызмет атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан Жахия Сариев пен оның жұбайы Түймекүл анамыздың шаңырағында 8 ұл-қыз өсіп-өнді. Біздің кейіпкеріміз Бақтыгүл Жахияқызы осы әулетте 1965 жылдың 6 мамырында дүние есігін ашқан екен. 1972 жылы №12 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің алғаш табалдырығын аттап, бірінші сыныбына барды. Он жыл бойы сол мектепте білім алды. Мектепте оқып жүргенде сабақты үздік оқыды. Мектептің әр түрлі қоғамдық жұмыстарын белсене атқарды. Белсенді бойжеткен сонымен қатар спорттың воллейбол, баскетбол түрлеріне қатысты. 1982 жылы орта мектепті үздік бітіріп, қолына аттестат алды.
Арман қуған жас талап осы жылы ару қала – Алматыны бетке алып, Жамбыл жеңілөнеркәсіп технологиясының сондағы филиалына құжат тапсырады. Алайда, жолы болмай, оқуға түсе алмады. Қайсар қыздың сағы сына қойған жоқ. Ауылға келіп, бір жыл жұмысшы болып еңбек атқарды. «Сырдария» қаракөл қой зауытындағы мал шаруашылығында алғашқы еңбек жолы басталып, жастар бригадасында ысылып шықты.
Келесі жылы тағы да оңтүстік астананы бетке алып, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына бақ сынауға бел байлады. Бақтыгүлдің бағы жанды – осы білім ордасының жаратылыстану- география факультетінің химия-биология бөліміне оқуға түсіп, студент атанды. Студенттік қызықты күндердің әңгімесі өз алдына таусылмайтын бақытты кездер екен.
Білімді де өжет қыз институтта да белсенді болды. Әдеттегідей сабақты жақсы оқыды, қоғамдық жұмыстардың ортасында жүрді. ҚазПИ-де өткен жастық шағына өкпесі жоқ. Қара шаңырақ аталатын білім ордасы атына заты лайық еді. Ұстаздары мықты болды, кілең ғылым кандидаттары, профессорлар мен ғылым докторлары. Студенттік өмірлері алаңсыз өтіп жатқан. Тек 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы болмаса…
–1986 жылдың желтоқсан айының 15-ші жұлдызы күні түнде республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнынан алынғанын, оның орнына Колбиннің болғанын естідік. Бұл хабарды түнгі сағат 1-2-лер шамасында келген үш жігіт ұйқыда жатқан біздерді терезеге қар лақтырып оятып, таңертең бейбіт шеруге шығатынымызды айтып жеткізген болатын. Ертесі 16 желтоқсан күні сабақта отырғанбыз. Бір кезде терезеден түрлі дауыстарды естідік. Терезеден қарағанымызда топ-топ болып жиналып алған жігіттер мен қыздарды көрдік. Олар бізге бірге жүруді өтінді. Біздің курста кілең қыздар оқаптын еді, апайымызға айтып, бәріміз есікке беттедік. Шуылдап жоғарғы қабаттан түсіп келе жатқан студенттерді бірінші қабатта ректор Қасымов күтіп алды да, кері қайтуымызды талап етті. Біз қыздар болғандықтан сөзге тоқтам жасап, арқаға қайтқандай болдық. Ағайдың көзін ала бере шегініп барып басқа факультеттің ер балаларымен ілесіп, бәрібір сыртқа шығып кеттік. Сонда біздің көшемен сап түзеп жүруіміз де, «Менің Қазақстаным» әнін жаңғыртып тұрып шырқауымыз да ешқандай жамандықты шақырып тұрған жоқ еді. Қайта жастарды бірлікке, достыққа, тамаша бір бейбітшілікке шақырғандай еді, – деп еске алады сонау бір ызғарлы күндерді көз алдына келтірген Бақтыгүл Сариева.
–Сонымен бұрынғы Советская көшесімен бойлап, жүре бердік. Сонда бұл шерудің бастамасы КазГУ-ден басталып, сосын ААСИ, политех, СХИ, театр және өнер институты, біздің институт студенттері болып ЖенПИ-ге қарай бағыт алдық. Одан діттеген жеріміз Брежнев алаңына да жеттік. Көше түгел дерлік жастарға толы, көшенің екі жағын милициялар қоршаған. Трибунаға ағаларымыз шығып, кезек-кезек сөйлеп жатты. Бір жігіт трибунаға шығып сөйледі. «Халыққа айтпастан Қонаевты жұмыстан босатыпты, себебін бізге түсіндірсін. Өзі шығып бізге айтсын не себепті кеткенін», – деді. Олжас Сүлейменов, Роза Бағланова, Мұхтар Шаханов секілді ұлтымыздың зиялылары шығып, бірінен соң бірі сөз сөйледі. Біздің шеруге шыққанымыздың дұрыс еместігін айтып, «кері қайтыңдар» – деумен болды. Бірақ біздер қайта қойғанымыз жоқ, – дейді Бақтыгүл Жахияқызы.
Иә, алаңдағы жастарға Қонаев емес, оның орнына басқа адамдар шығып, Димекеңнің денсаулығына байланысты босатылғанын айтты. Бірақ жастар ол сөзге сенбейтіндерін, айтқандарының өтірік екенін, біздің елімізге неге Ресейден келіп орыс өкілі басқаратынын батыл түрде айтып жатты. Жастар қашан Қонаевтің өзі шығып қызметінен кетуінің себебін түсіндірмейінше ешқайда кетпейтіні мәлім еді. Бір кезде Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін жастар әуелете шырқай жөнелді. Бақтыгүл де, қасындағы құрбылары да сол кезде жастардың өз елінің нағыз патриоттары екеніне көз жеткізді, әрі бойларын ерекше бір қуаныш, батылдық биледі. Сол күні кешке бұлардың факультетінің студенттеріне М . Әуезов театрына «Қаракөз» қойылымына билет берген болатын. Содан амал жоқ кешке дейін алаңда тұрып, кейін театрға кетті. Түнде сағат екі шамасында жатақханаға тағы екі жігіт келіп ертең таңертең тағы бейбіт шеруге шығатындарын және түнімен «Қазақ басшы болсын», «Әр ұлттың өз басшысы болуы керек» деген листовкалар жазып алып шығуылары керектігін ескертіп кетті. Бұлар таңға дейін ұйықтамастан листовкалар жазып, оны жемпірлерінің ішіне салып, ертесіне алып шықты. Бірақ алаңға шықпастан бұрын сабақ беретін мұғалімдері ұрысып, шықпауларын қатаң талап етті. Олардың талабы да дұрыс, бекерге алаңдап қалмасын деген жанашырлық қой. «Ата-анаңды ойлаңдар, ертеңгі күніңді ойла, мұның соңы жақсылыққа апармайды» деп ұрсып та айтты, өтініп те айтты. Расында 17- желтоқсан күні алаңға шыққан күллі жастарға еш қисынға келмейтін «ұлтшыл» , «анаша тартып алғандар», «наркомандар» деген жүрек ауыртатын айыптаулар тағыла бастады.
–Жоғары оқуда оқитын жастар бір-бір үйдің үкілеп отырған азаматтары, тәрбиелі отбасының перзенттері ғой. «Араларыңда наркомандар бар. Солардың арандатуымен келіп тұрсыңдар, үйлеріңе қайтыңдар!» – деген үлкендердің сөзі біздерге ауыр тиді. Қайдағы наркоман, қайдағы алқаш? Бұл сол кездегі қазақ жастардың өз еліне деген патриоттық сезімінің жоғары екендігінің айғағы емес пе еді?! Алаңда таңертеңнен кешке дейін тұрдық. Аяғымыздың асты қар, мұз болатын. Сумкамызды аяғымыздың астына қойып, жаурап қалған біздер газеттерді жағып, сол газеттің жылуына қолымызды жылытумен болдық. Қазіргі айтылып жүрген «Желтоқсанның мұзда жанған алауы» деген өлең жолдары содан шыққан болуы керек. Соны көрген Мұхтар Шаханов ағамыз қазақ жастарына жаны шырқырап, осы атаумен өлең шығарды. Алаңда тұрған біздерді алаңның екі жағынан автобуспен жауып, Москвадан шақырылған арнайы жасақпен жастарға машинамен су шашты, дубинкамен аяусыз ұрып-соғып, алаңнан қуа бастады.Тіпті, кейбірін ұстап алып, көкала қойдай қылып сабап, автобусқа зат лақтырғандай бірінің үстіне бірін лақтырды. «Горный Гигант» деген жерге апарып қақаған аязда түсіріп тастап кетті. Сол жерден қаншама қыздарымыз түннің бір уағында жаяулатып қашып келдік. Оны өз көзімізбен көрдік. Қаншама таяқ жеген, қанжоса болған жастарымыздың арқасында тоталитарлық жүйенің көбесі сөгілді. Сондықтан да тәуелсіздіктің бастауы 86-ның желтоқсанынан басталды деп сеніммен айта аламын. Бұл көтеріліс – Алматыдағы қарт ҚазПИ-дің студенті болып жүрген мына менің есімде мәңгілікке қалған тарихи оқиға болды, – дейді бірауық ойланып, үнсіз қалған Бақтыгүл Жахияқызы.
Зобалаңнан зордың күшімен аман қалғандай болып, институтты ойдағыдай аяқтап шықты. 1988 жылы жоғары білімді маман деген дипломды иеленіп, өзінің кіндік қаны тамған туған ауылына келді. Бақтыгүл Сариева өзі оқыған №12 С. Сейфуллин атындағы мектепке жұмысқа орналасып, ағарту саласындағы еңбек жолы басталып кете барды. Еліміздің болашағы –жасөспірім ұрпаққа тәрбие беріп жатқанына биыл тұп-тура 35 жыл уақыт болыпты. Аяулы жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз бола білген Бақтыгүл Жахияқызының жастық өмірінің бір үзігі осылай өріледі.