Бар саналы ғұмырын салауатты өмір салтын насихаттауға арнап келе жатқан азаматтың бірі Абай Сәкиев десек ешкімнің таласы жоқ шығар. Аңқылдаған ақ көңілімен, дархан пейілімен қалың көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген спорт саңлағын жерлестері орынды мақтан тұтады. Төлеген ақынның «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа, Жарқылдаған алмас па…» деп келетін жыр жолдары дәл осындай атпал азаматтарға қарата айтылған сияқты. Зейнеткерлік жасқа абырой-беделімен жеткен Абай Рамазанұлының өмір жолынан оқырмандарымызға айтып өткіміз келді.
Сәкиевтер отбасы көрші Мақтаарал өңірінен Шардараға 1968 жылдары көшіп келген екен. Әкесі Рамазан ақсақал жұмысшы болып еңбек етсе, аналары Қадиша апа Қ.Аманжолов атындағы орта мектепте жұмыс істеді. Сәкиевтер әулетінде 5 ұл, 2 қыз өсіп-өнді. Абай ағамыз отбасындағы үшінші перзент болып саналады.
– Бастауыш оқитын кезімде Шардараға қоныс аударып келгенім есімде. Әйтеуір сол кезде қыс өте қатты болған еді. Су қоймасына да, ауылдан ағып жатқан дарияға да сіресіп мұз қатып қалған. Балалармен ойнап жүріп теңіз бетіндегі мұздарды қопарып жарып жатқанын көргенбіз. Оқушылық өмірім Қ.Аманжолов мектебінде өтті. Және осы мектептің ең алғашқы бітіруші түлегі де біз болдық. 8 сыныптан кейінгі жоғары сыныпты Шардара мектебінде аяқтадым. Ол кезде Шардара мектебі қазіргі саз мектебінің орнында еді, — дейді арқада қалған балалық шағын бір ауық еске алған Абай Сәкиев.
Спортқа жастайынан-ақ құмар болды. Өзі құралпы балалармен доп тебуден шаршамайтын еді. Шаршы алаңдағы ширақ қимылы, теңбіл допты шебер игеруі ұстаздардың назарынан тыс қалған жоқ. «Шардарақұрылыс» басқармасында спорт әдіскері болып қызмет атқаратын Әбілаш Қалдаров Абай Сәкиевтің ойын өрнегін бірден ұнатып, футболға тартты. Төменгі тоғайдан сыныптастарымен бірге велосипедке мініп, аяқдоп үйірмесіне қатысатын еді. 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезінде футболдан жасөспірімдер арасында аудан құрамасының сапында ойнады. Ал, волейбол ойынына баулыған Кенжебек Сүлейменов есімді мұғалімі болды. Бой-сойы келіскен жігіттің құлаштап доп ұрғанын мақұл көрсе керек, осы ойынның қыр-сырына қанықтыра түсті. Ақыр соңында волейбол ойынына біржола ауысты. Шардара мектебіндегі дене шынықтыру пәнінің мамандары Жаппар Төреев, Тасмырза Есіркепов сынды ұстаздары да жалындап тұрған жастың болашағынан үміт күтіп, бағыт-бағдар беріп отырды.
Мектептен соң Ташкентегі топографиялық техникумға оқуға түсіп, аяқтап шығады. Мұнан соң Шымкент қаласындаға педагогикалық институттың спорт факультетінде жоғары білім алды. Содан бері спорт саласында табан аудармай қызмет атқарып келеді.
Ауданда құрылған «Қайрат» деп аталатын ерікті спорт қоғамына төрағалық жасады. М.Горький, Қ.Аманжолов, Шардара орта мектептерінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болды. Волейбол спортынан облыс құрамасының сапында кешеге дейін ойнап келді. 2001 жылы Орталық стадиондағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне басшылыққа келді. Бұл жұмысты әріптесі Оразбай Қойбағаровтан қабылдап алды. Ол кездер өте-мөте қиын кездер болатын. Спорттық жарыстар былай тұрсын мекеме қызметкерлері айлап жалақы алмайтын уақыттар еді.
–Несін жасырайық, спорт саласы төрт аяқтап тұралап жатқан кезде мектеп тізгінін қолға алдым. Жарыс өткізуге де, жарысқа баруға да қаржы өте тапшы. Бірақ көкірегінде намыс оты бар қайырымды жандар демеушілік жасап отырды. Аудандағы алып кәсіпорын – Шардара су электр стансасы спортшыларға көп ретте көмек қолын созып отырғанын осындай атап өткен жөн шығар. Спортты сүйетін кәсіпкер азаматтар облыс орталығы мен көрші аудандарда өтетін жарыстарға жол шығынын көтеріп тұратын. Сондай қиын кезеңдерде де спортты тастап кеткеніміз жоқ, — дейді Абай Рамазанұлы.
Абай Сәкиев басшылық жасаған №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдер спорттың 7 түрімен шұғылданды. Әсіресе, ауданның волейболшы қыздары соңғы жылдар бедерінде облыс асып, республикалық жарыстарда олжа салды. Е. Қалдаров, Н.Айнабеков,Е. Сәкиев сынды жаттықтырушылар баптаған жасөспірім қыздарымыз бірнеше мәрте республика чемпионы атанып келгенін газетімізде тұрақты түрде жариялап отырамыз. Желкенді қайық спорты да осы мектептің қабырғасынан ашылып, аз уақыттың ішінде республика чемпионы шығып үлгерді. Шардарада тұңғыш мәрте ашылған жағажай волейболы осы мектептің құрамында. Алғашқыда таңсық көрінген бұл спорт түрін де жерлестеріміз тез арада меңгеріп, облыста алдыңғы орынды ешкімге бермей келеді. Олардан бөлек тоғызқұмалақ ойынында шардаралықтар үздік нәтижемен оралып жүргені белгілі. Бұл жетістіктің барлығы да мектеп басшысының ұтымды ұйымдастыруының арқасы болса керек.
Салауатты өмір салтын ұстанудағы төгілген терлер текке кеткен жоқ. Аудан мен облыс басшыларының тарапынан алған марапаттар өз алдына бір төбе. 2007 жылы Абай Сәкиевке спорт саласын дамытудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хаты» табыс етілді. Былтырғы жылы Шардара ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.Осынау наградаларға баршамыз шын көңілмен қуандық. Себебі, Абай Рамазанұлының еңбегі бұл марапатқа нағыз лайық еді.
Абзал азаматқа деген ыстық ықылас пен жақсы тілекті білдіретін жандардың қатары көптеп саналады. Ардагер ұстаз, ақын Нұрғали Ыбырайым өзінің ақжарма тілегін былайша білдіреді:
–Абай бауырымыз жүрек жылуымен айналасына қалың көпті үйіре білген азамат. Ұзақ жылдан бері араласып келемін. Достығымыз бекем, сыйластығымызға сызат түскен емес. Аудан мен облыстың намысын қорғаған атақты спортшы болса да кеудесін көтеріп, асып-тасқан емес. Бұл да Абайдың бойындағы асыл қасиеттің бірі. Біз осындай азаматтармен мақтанамыз…
Абай Рамазанұлы жан жары Қарлығамен бірге 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Ербол Сәкиев мана айтқанымыздай әке жолын қуып, волейбол спортының дамуына атсалысып келеді. Абай ағамыздың өзінен кейінгі бауырлары да спорт саласында еңбек етеді. Бір сөзбен қайырғанда салауатты өмір салтын ұстанған әулет болып табылады.