Еңбек жолын оқытушылықтан бастап, түрлі қызмет баспалдақтарын бағындырып келе жатқан азаматтар аз емес. Мектепте тарихшы ұстаз, одан көші-қон саласының жауапты маманы, ауданда жаңадан ашылған музейдің тұңғыш директоры қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқан Нұрлан Қалиұлы сондай азамат. Өзі туып-өскен өлкенің шежіресі мен тұлғалардың жақсы қасиетін айтудан жалықпайтын осынау азамат туралы біз де көсіліп тұрып айтқымыз келді.
1970 жылдың 27 қазанында Қуанқұдық ауылында өмірге келген Нұрлан Қалиұлы қазіргі А.Әлімбетов атындағы мектеп-интернатта сауат ашып, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде оқуды бітірді. Алғашқы ұстазы Бибайша апайын, Жаңыл апайын, кейіннен өзіне сынып жетекшісі болған ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Ережеп Тілегенов ағайын айрықша құрмет тұтады. Мектепте өте жақсы оқыды. Жақсы оқығаны сол – аттестатында химия мен математикадан ғана төрттік, қалғаны кілең бестік болды. Жалпы Сымайыловтар әулетінің ұл-қыздары сабаққа алғыр болды. Ұрпақтарының сауатты да білімді болып қалыптасуларына ата-ананың да тәрбиесі ықпал етсе керек. Әкелері Қали Сымайылов В.Куйбышев атындағы Самарқанд Ауылшаруашылығы институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірген, өңірде мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосқан азамат болғанын жұртшылық жақсы біледі. Қали Сымайылов өмірлік жолдасы Ұмсынхан Тәңірбергенқызы екеуі 11 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Біз әңгіме етіп отырған Нұрлан Қалиұлы әулеттің үшінші перзенті.
–Әкеміз жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін. Кез-келген уақытта ауданнан өкілдер келсе біздің үйге түсіп, қазан көтеріліп жатады. Анам марқұм үйдің тірлігі болсын, мейман күту болсын, бәрінің оябын тауып, үлгеріп отыратын. Осы ата-аналарымыздың арқасында бәріміз де жоғары білім алдық, әрқайсысымыз өзімізге бұйырған несібемізді теріп жүрміз. Мен алғашқы жылы өзіміздің кеңшарда бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнында дәріс берген ұстаздарым шын мәніндегі майталман педагогтар еді. Этнография пәнінен дәріс берген академик, профессор Уахит Шалекенұлы, КПСС тарихынан сабақ берген Қуаныш Қаражанов, Қазақстан тарихынан сабақ берген Сәйда Жолдыбаев, Нұртаза Алдабергенов, Камал Бұрханов, Мәмбет Қойгелдиев, өзіміздің Қоссейіт ауылының тумасы Шәріпбек Әмірбеков сынды ұстаздарды ұмыту мүмкін емес, — дейді жастық шағынан сыр шерткен Нұрлан Сымайылов.
Университет бітірген соң ұстаздық жолы Шардара орта мектебінде басталды. 1993 жылы осы білім ордасына тарих пәнінің мұғалімі болып қызметке қабылданып, 1998 жылға дейін еңбек етті. Бірден жоғары сыныптарға дәріс берген жас маман осы мектептің директоры Жамал Төлешова, оқу ісінің меңгерушісі Роза Асылбекова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаңылай Айдарова, мектеп мұғалімдері Сырлыбек Шынтаев, Гүлзакира Исаева сынды білікті де тәжірибелі мамандардың ортасында жүріп ысылды, өмірлік тәжірибе жинады. 1998 жылы аудан әкімдігінің көші-қон және демографиялық саясат жөніндегі бас маманы болып жұмыс істеп, оралман ағайындардың тыныс-тіршілігімен жете танысты. Сол жылдары алыс-жақын шет елдерден Шардара өңіріне бірғауым қандастарымыз қоныс аударып келген еді. Елім-жерім деп көшіп келген ағайындарға ең бірінші керегі баспана. Мемлекеттік қызметке жаңадан келген Нұрлан Қалиұлы аудан басшыларымен бірге оралмандардың баспаналы болуы үшін айтарлықтай тер төкті.
2002 жылы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып барды. Мектеп директоры Сырлыбек Шынтаевпен бірге жемісті қызмет атқарды.
–Аудандағы менің өмірлік ұстаздарым – Жамал Төлешова болса, екіншісі осы Сырлыбек Шынтаев. Жалпы Жамал апайдың қарамағында жұмыс істеп, шыңдалған кез келген маман қай мектепке барса да қиналмайтынына көзім жетті, – дейді Нұрлан Қалилы.
2006 жылы ауданға рухани сілкініс әкелген Серікбай Ибадуллаев сынды іскер әкімді шардаралықтар әлі күнге құрмет тұтады. Осы азамат өзі бас болып, асар әдісімен ауданда тұңғыш рет мұражай үйін тұрғызды. «Тұңғыш Президент саябағы» ішінен ашылған осынау мұражайға басшылық жасау Нұрлан Сымайыловқа бұйырды. Қай кезде де жаңа дүниенің аяққа тұрып, жұмыс істеп кетуі оңай шаруа емес. Құрылысы біткенімен оның ішін жәдігерге толтырып, толыққанды музей жасау үшін шелектеп тер төгуге тура келді. Жатпай-тұрмай еңбектеніп, жаңа ғимараттың ішіне 600-ден аса экспонат жинады. 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесінде мұражай үйі салтанатты түрде ашылды. Айтулы шараға облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы қатысып, тұрғындардың қуаныштарын бөлісті. Келесі жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мұражай үйіне ат басын бұрып, құрметті қонақтардың кітабына қолтаңбасын қалдырды.
–Жаңа жұмысқа құмарта кірістім. Тұңғыш рет ауданда мұражай салынып, оған тұңғыш басшы болып өзім бекітілген соң бұл шаруаны жауапкершілікпен, әрі қызығушылықпен атқардым. Облыстағы аудандар арасында өткен музейлер шеруі байқауына үш рет қатыстық. 2014 жылы біздің ауданның музейі бас жүлдені, 2017 жылы І орынды жеңіп алды. Алайда, бірінші салынған мұражай ғимараты тарлық ететіні күннен күнге айқын көріне бастады. Содан аудан әкімі Марғұлан Марайымға ұсыныс жасай жүріп, жобалау-сметалық құжатына 5 млн теңге бөлдіртуге қол жеткіздім. Кейін ол кісі басқа жұмысқа ауысып кетті де, тағы да тоқтап қалды. Аудандық мәслихат хатшысы Тоқсанбай Бердібеков бастаған депутаттар бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Сол кездегі облыстық мәслихаттың депутаты Аманулла Раманқұл көп жәрдем бергенін айтуым керек. Не керек, 2016 жылы қазіргі екі қабатты заманауи үлгідегі музей ғимаратын салдыруға қол жеткіздік. Қазіргі таңда 3000-нан астам жәдігер бар. Содан соң біздің экспонаттардың ең басты ерекшелігі – түпнұсқа күйінде музейде тұр. Көп адамдар түпнұсқа тек Отырар мен Түркістанда деп ойлайды. ІV-ХІІ ғасырлардағы керамикалық бұйымдар Сүткенттен, Жаушықұмнан, Сейіттөбеден, теңіз табанынан әлі күнге шығып жатады. Теңіз табанында қалған көне қалада керамикадан кәріз жүйесі жүргізілгені анықталды. Осынау жәдігерді 2018 жылы өткен халықаралық «Сафари шардара» фестивалінде көрмеге қойдық. Сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев керамикадан жасалған кәріз құбырына айрықша назар аударып, бұл дүниелерді жас ұпаққа кеңінен насихаттау керегін айтып өтті. Шын мәнінде бұл жәдігерлер ешқандай ақшаға айырбасталмайтын құнды зат болып саналады, — дейді музей директоры.
Бұл кісіні әзіл-шынын араластырып «Шардараның шырақшысы» дейміз. Әсілінде, әулиенің басында шырақшы болып қызмет атқаратын адам сол төңіректің арғы-бергі тарихын жетік білетін адам болмай ма. Зиярат етіп келушілерге кесене иесінің халыққа сіңірген еңбегі мен өміріне байланысты деректерді, аңыз әңгімелерді таныстырып отыратынын жақсы білеміз. Біздің Нұрекең бір кесененің ғана емес, күллі шағалалы өңірдің тарихын жатқа білетін азамат. Қандай тақырыпқа болмасын дерек іздеген адам алдымен осы кісіге хабарласып, керек мағлұматын тауып жатады. Ондайда пәлсінетін Нұрекең жоқ, Шардараның арғы-бергі тарихын алдыңа жайып салады. Қай мекен қай жылы, қандай қаулы негізінде құрылған, немесе, қай төбе қандай сырды ішіне бүгіп жатыр – бәрі-бәрін жатқа біледі. Бір қарасаң құм түбіндегі Найман Бұхарбай ауылында осы елді мекеннің неге бұлай аталу тарихын «Айғақ» телеарнасының тілшісіне түсіндіріп тұрады. Енді бірде су қоймасының жағалауында тұрып теңіз табанындағы аршылып қалған көне қаланың шежіресін «Хабар» арнасының қызметкеріне баяндап жатады. Ежелгі Сүткент қаласы, Шардара, Жаушықұм, Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата елді мекендерінің бай тарихына шолу жасағанда да мүдірмей көсіліп жатқанын көреміз. Көсілгенде де жай құрғақ сөзбен емес, Бартольд, Бернштам секілді ғалымдардың дәйектеріне сүйене отырып әңгімелейді, басқа да бірнеше кітаптардан үзінділер келтіреді. Өз ісінің маманы осындай-ақ болсын!