Жарты ғасырдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып, сексен жасқа дейін қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген Жамал Өтегенқызының өмір жолын қалай дәріптеп, мақтасақ та жарасады. Сан шәкірттің жүрегіне ізгілік дәнін сепкен ағартушылық еңбегі өз алдына, шағалалы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, руханият саласының жандануына, елді ынтымақ пен ауызбірлікке ұйыстыру жолындағы атқарған істері ұшан-теңіз. Бүгінде сексен жастың сеңгірінен асып отырса да Жамал апамыз сергек қалпынан айныған жоқ. Ауданда өтетін маңызды шараларға қатысып, аналық ақыл-кеңесін айтып келеді. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап, өзіндік пікірін білдіріп отырады.
Сексен жасқа толған кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамал Төлешеваға «Құрмет» ордені берілді. Бұл марапатқа дүйім ел болып қуанды. Ұстаздардың ұстазына деген ақ тілектерін баспасөз беттерінде әлі күнге дейін білдіріп келеді.Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлерінен бастап, облыстық басқармалар мен аудан басқарған азаматтар, әріптестер мен замандастар, қолында білім алған шәкірттер көптеп саналады. Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің кеңесшісі, қаламы жүйрік журналист Үрзада Айтөреева «Мен аттай қырық жыл ғұмырын білім мен тәрбие беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, қызмет жолының қай кезеңінде де қоғам өмірінен тыс қалмай, елдің жел жағының панасы болудан аянып қалмаған белсенді жан Төлешева Жамал Өтегенқызын қазақ ару-аналарының эталоны, әулетінің ары мен абыройы болған ел анасы, абыз ана деп атар едім» деп баға беріпті. Жамал апаның әріптес інісі, ардагер ұстаз Әбдісәпи Башқараев «Бір жылы тамыз кеңесінің математика секциясында Жамал апай математика пәні мұғалімдеріне «Иррационал теңдеулерді шешудің түрлі тәсілдері» – деген тақырыпта ашық сабақ (қазіргі тілмен айтқанда мастер класс) өтті. Айтарға тілім жоқ, мен жоғары оқу орнында оқып жүргенде де мұндай қарапайым, өте жеңіл, балаларға түсінікті тілмен өткен сабақты кездестірген емеспін» деп дәріс өту шеберлігіне риза болған екен. «… Жамал апай екі тілде де ағып тұр, оның ораторлық (шешендік) қабілеті, сөйлеу дикциясының өзі қандай! Намазға ұйыған жамағаттай айтқанына ұйып қаласың» дейді апайдың шешендігіне тәнті болған тағы бір ардагер ұстаз Көбекбай Еспанов.
Иә, Жамал Өтегенқызының бір бойында тоғысқан осындай қасиеттерін былайғы уақытта да адамдар аузынан тастамай айтып отырады. Әлі есімде, осыдан он алты жыл алдын өзімнің ұлдарыма сүндет той жасап, Жамал апамның да ақ батасын алған едім. Сонда ширек ғасыр аудандық «Өскен өңір» газетін басқарған белгілі қаламгер Жұмабек Мұқановтың Жамал Төлешеваны ортаға шақырып тұрып, қалың жұрттың алдында «Ұлттың анасы» деп дәріптегені естен шықпайды.
Алаш даласына айбын болып тұрған асқақ Алатау… Алатаудың етегіндегі ару қала – Алматы… Міне, осынау Алатаудың баурайы Жамал Төлешеваның ата-бабасы қоныс тепкен құтты мекен болса, әсем Алматы балалық шағына куә болған алтын бесігі!
–Әйгілі Кенен ақын:
Тай үйреткен тепсеңге,
Кенен келді сексенге.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де, – деп жырлаған екен ғой. Сол айтпақшы Алатаудың баурайында туып, Қызылдың құмында ғұмыр кешіп келе жатқаныма сексен жылдан асыпты. Жазиралы, көк майсалы таудың етегінде жастық шағым өтті. Соғыс кезіндегі балалар жетімдік пен жоқшылықты көріп өсті. Әзіз әкешім Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты. Анам Күлтайдың бейнетқорлығының арқасында біздер жоқшылық көре қойғанымыз жоқ. Титтейімізден еңбекке баулып өсірді. Бізде бір ғана мақсат болды – сабақты жақсы оқып, жоғары оқу орнына түсу. Білімді адамның өмір жолы даңғыл болатынын анамыз да, ұстаздарымыз да жастайымыздан санамызға сіңіріп өсірді. Білімге құштарлықтың арқасында жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, үлкен өмірге қадам бастық. Дәм-тұз осы Шардарадан бұйырған екен, 1967 жылдан бастап осы бір құмын Қызыр аралаған киелі, шежірелі өлкені мекен етіп келе жатырмын, – дейді Жамал Өтегенқызы.
Бала кездегі арманы бойынша ұстаз болуды мақсат еткен Жамал Өтегенқызы Алматы қаласындағы №278 орта мектепті үздік бітірген соң бұрынғы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. 1965 жылы аталмыш білім ордасын «Қызыл дипломмен» бітіріп, екі жылдай Алматы қаласында ұстаздық қызмет атқарды. 1967 жылы өмірлік жолдасы Пайызхан Төлешев ағамыз екеуі қол ұстасып, жаңадан құрылып жатқан Шардара ауданына қоныс аударды. Пайызхан аға аудандық білім бөлімінде инспектор, математика пәнін оқыту әдіскері, уақыт өте келе аудандық сырттан оқыту мектебінің директоры болып еңбек етті. Жамал Өтегенқызы Шардараға келісімен кешкі жұмысшы жастар мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1971-1978 жылдары Шардара қаласындағы №8 балабақша меңгерушісі болып абыроймен қызмет етті. 1979 жылдан 2002 жылға дейін Шардара орта мектебінің директоры қызметін атқарды.
Ұлағаты мол ұстаздың қоғамдық-саяси негіздегі қыруар қызметтері өз алдына бір төбе. Кеңес одағы кезеңінде Шардара аудандық партия комитетінің мүшесі, қалалық, аудандық Кеңеске депутат болды. Шардара жұртшылығы ұлағатты ұстазға тәуелсіздік жылдарында да сенім білдіріп, аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Халық қалаулысы әлеуметтік маңызы бар көптеген күрделі істердің шешілуіне себепкер болды. Жамал Өтегенқызы көп жылдардан бері Шардара аудандық Ардагерлер кеңесі пленумының тұрақты мүшесі. Ардагерлер кеңесі жанындағы Әжелер алқасының төрайымы ретінде қалың әлеумет арасындағы, отбасындағы түйіткілді мәселелердің ұрыс-керіссіз шешілуіне себепкер болып келді. Тәуелсіз Қазақстанның сындарлы саясатын бұқара арасында кеңінен насихаттау шараларына белсенді атсалысты. Төлешеваның тындырымды істері, табандылығы мен қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды. «Егемендікке 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «ҚР оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 2002 жылы «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2008 жылы Шардара қаласындағы «Абай» шағын ауданының биі ретінде «Жыл адамы» атағына ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» ордені мемлекет тарапынан берілген лайықты марапаттар болды деп айтар едік.
Ұстаздардың ұстазы, Шардараның шамшырағы бола білген Жамал апамыздың деніне сакулық, отбасына амандық тілейміз.