Бүгінгі таңда жастар мәселесі, соның ішінде мектеп оқушыларының тәрбиесі – күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі болып тұр. Бала тәрбиесіне кезінде Кеңес Үкіметі де селқос қарамастан, айрықша көңіл бөліп отырғанын жақсы білеміз. Мектептерде бастауыш сыныптарда алдымен октябрят болатын. Кейіннен 7-8 сыныптарға дейін пионер, ал, жоғары сыныптар үшін комсомол ұйымдары жұмыс істеді. Оқушылардың бәрі де жас мөлшеріне қарайсол ұйымдарға салтанатты түрде мүшелікке қабылданатын. Ұйымдардың негізгі міндеті – сабақтан тыс уақытта балалар мен жасөспірімдер арасындағы тәрбие жұмыстарын жүргізу еді.
Қазіргі таңда осындай іс-шараларды жүргізетін негізгі мекеме Оқушылар үйі деп аталады. Шардара ауданындағы Оқушылар үйі алғашқы жұмысын аудандық білім бөлімі ашылған сәттен, яғни 1969 жылдан бастады. Ширек ғасыр бойына Оқушылар үйі болып аталып келген мекеме әр түрлі үйірмелерде оқушылардың ерікті таңдауына қарай өнер түрлеріне баулыйды. Өнерге баулумен қатар тәлім-тәрбие беру жұмыстарын да абыроймен атқарды, әлі де атқарып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары мекеменің атауы Ұландар үйі болып өзгерді. 2001 жылдан бастап қайтадан Оқушылар үйі болып аталып келеді. Тәрбие берумен тікелей айналысатын білім ошағын әр жылдары Нәзира Сәденова, Гүлия Қасымбекова, Сұңқар Мошқалов есімді ұстаздар басқарды. 2017 жылдан бастап аталмыш мекемеге Сапаркүл Жиенбаева басшылық жасап келеді.
–Оқушылар үйі – қосымша білім беру мекемесі болып саналады. Қазіргі таңда мұнда 67 үйірме жұмыс жасайды. Оған 1967 оқушы қамтылып отыр. Оқушыларды үйірмелерге көптеп тарту мақсатында ауыл және қала мектептерінің базаларынан бөлмелер қарастырылған. Онда оқушылар өздерінің қызығушылықтарымен қалаған үйірмелеріне қатысып жүр. Баланың бойындағы қабілетін танып, оны ашып отыру тікелей үйірме жетекшісінің біліктілігіне, тәжірибелілігіне байланысты. Біздің қызметкерлер өз істеріне жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырған. Соның нәтижесінде оқушыларымыз жүлделі орындарды бағындырып келеді. Атап айтқанда, Оқушылар үйінің «Балауса» би тобы республикалық «Хан Назар» байқауының, басқа да шәкірттеріміз республикалық «Дарабоз», «Зерде» интеллектуалды байқауларының, облыстық «Театр ғажайып әлемі», «Жас шеберлер» тағы асқа да байқаулардың жеңімпаздары атанды. Шалғайдағы Шардара ауданы үшін бұл үлкен жетістік деп білемін, — дейді Сапаркүл Зәбиқызы.
Енді бірнеше үйірме жұмыстарымен сіздерді таныстыра кетсек дейміз. Мекемеде «Жас қалам» үйірмесі бар, аты айтып тұрғандай жас ақындарды дайындайды. Гүлайша Қожанова жетекшілік жасайтын үйірме жуырда ғана ақиық ақын Фариза Оңғарсынованы еске алу кешін өткізді.
Алтынай Әбдіраманова жетекшілік жасайтын «Шебер қолдар» үйірмесі нағыз қолөнер шеберлерін дайындайды. Бейнефильмде көріп отырғандарыңыздай, үйірме оқушылары моншақтан құмыра тоқу сабағын үйреніп жатыр.
Әдемілік пен әсемдікке баулитын Гүлмира Тұрсынбетова гүл өсірудің қыр-сырын үйретуден жалықпайды.
«Табиғатты қорғау» үйірмесінің жетекшісі Гүлнар Рабилова жеткіншектерді әрдайым туған өлкені сүюге, оны аялауға шақырады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «Еліміздің егемендік белгілері» ашық сабағында Гүлнар апай Тәуелсіздік тағылымдары туралы айтады.
Болашақ қылқалам шеберлерін Гүлнар Көшербаева дайындайды. Бала қиялына қанат бітіріп, бейнелеу өнерінің қыр-сырын ұқтыратын Гүлнар Көшербаева «Ауғанстан- жүректегі жара» атты тақырыпта суретшілер байқауын өткізген болатын.
Жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелейтін Алмас Қараманов «Теннис» сабағын үзбей өтеді.
Біз қазір 67 үйірменің ішінен бірнешеуін ғана атап өттік. Үйірмелерде білім алып, талантын ұштаған жас талапкерлер ауданды былай қойғанда облыс пен республикаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Басқаны айтпағанда әйгілі опера дауысты әнші Мөлдір Бақытжанқызының үлкен өнерге қадамы осы Оқушылар үйінде бастағанын біреу білсе, біреу білмейді. Одан бөлек Оқушылар үйінің жас таланттары 2007 жылы республикалық бірінші ұлттық «Балалық шақ досы – Друг детство» байқауында «Ең үздік» дипломымен марапатталды. «Айгөлек» бишілер тобы аудандық «Жас таланттар» байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, мекеменің жас суретшілері 2011 жылы «Қазақстан Ядролық қарусыз мемлекет» тақырыбымен ұйымдастырылған аудандық сурет көрмесінде бірінші орынды иеленді. Тізбелей берсек, басқа да жетістіктері жетерлік.
Оқушылар үйі – барлық қала балаларына есігі ашық, қызығы да, жетістігі де көп, біртұтас әлем. Бұл жерде мерекелік және ойын бағдарламалары, концерттер мен байқаулар, жарыстар мен фестивальдар, ұмытылмас жаңа жылдық қойылымдар, балалар шығармашылығының көрмелері тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Оқушылар үйі – ірі әдіскерлік, мәнді де мағыналы, балаларды қызықтыратын іс-шаралар ұйымдастыратын орталық болып саналады.
Соңғы жылдар ішінде Оқушылар үйі болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына қолдау көрсететін, қуаныш пен достықтың, тығыз қарым-қатынастың орталығына айналды. Әр бала мен жасөспірім осы жерден нағыз шеберлік жолына бастау алады. Қазіргі уақытта аудандық Оқушылар үйі жаңа ғасырдың азаматын қалыптастыратын, мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдайлар жасалынған шығармашылық орта болып саналады. Мұндағы үйірмелер мен студия, секцияларға балалар өз жүрек қалауларымен қатысады.
Қосымша білім беру педагогы мен тәрбиленушілер арасында туындайтын байланыс сенімі таңғажайып жетістіктерге әкеледі. Көпшілік балалар мен жасөспірімдер үшін өздері қалаған сүйікті үйірмелері өмірлік серіктеріне айналуда. Мұндағы тәрбиеленіп келе жатқан шәкірттерге шардаралықтар әр уақытта да жоғары бағаларын беріп, алғыстарын айтуда.