Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының құлауына пәрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.
«Желтоқсан эпопеясы» кітабының авторы Мұхтар Шаханов бір сұхбатында: «Желтоқсан рухы, шын мәнінде – біздің ұлтымыздың рухани шыңдалуы. Сондықтан біздің бүгінгі таңдағы басты міндет – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау», – деген еді.
Желтоқсан қасіретін алаңда көппен бірге боп, өз көзімен көрген көтерілістің кезектікуәгері Еңлік Немеребайқызы Нүсіпбекова естеліктерімен бөліскен болатын.
Еңлік Немеребайқызы Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданындағы Қызылжар ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.Үш бауыры және төрт сіңлісі бар үлкен отбасында өскен Еңлік Немеребайқызы:
–Ардақты ата-анам қарапайым адамдар. Перзенттерінің оқып, білім алуына қолдарынан келгенше жағдай жасап берді. Нәтижесінде біз, сегіз перзент те жоғары оқу орындарында білім алдық. Негізі, біздің отбасымызды ұстаздар отбасы деуге де болады. Қиын кездер болса да,бәріміздің жоғары білім алып, бір-бір мамандық иесі болып отырғанымыз –әрине, ата-анамыздың арқасы. Ол кісілерге мың алғыс!!!
Еңлік Нүсіпбекова Талдықорған қаласындағы Педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүргенде Шымкент қаласына келін боп түсті. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде ол оқуын жалғастырып жүрген кезі еді.
–Алаңсыз сабақта отырмыз. Бір кезде «Алаңға шығыңдар, алаңға!» деген жоғары курс студенттерінің ышқынған даусынан селк етіп, ештеңеден хабарсыз Республикалық алаңға жүгірдік. Адам қарасы көп, бәрі дерлік студенттер. Мән-жайды түсініп, іле-шала нөпір адамдар арасына ене кеттік. Солдаттар жан-жақтан қоршап алған, қарсы шыққан адамдарды аямай соққыға жығып жатыр. Әсіресе, жігіттер көп жарақат алған. Бастарынан қан сорғалап тұрса да, өз уәждерін, талаптарын айтудан қаймыққан жоқ. Көтеріліс қан майданға айналды. Күн суық, ызғарлы. Қайтпас батырларға күштері жетпеген соң, солдаттар оларды дубинкамен ұрып, қолдарын қайырып көліктерге тией берді. Қаншама қыз да жарақат алды ғой. Бір кезде бізді шегіндіру мақсатында үстімізден ыстық және суық су шашып жатты.
Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының қанды күресі деп айтуға болады. Қаншама жас сотталды, өте көп студент оқудан шеттетілді. Әділет іздеген жастардың әділетсіздікке ұшырағаны жанымызға ауыр батты, – дейді Еңлік апай.
Сол кездегі жастардың Кеңес өкіметіне наразылығын алаңға шығып, талаптарын айту үшін бастарын қатерге тіккені азаттыққа деген аңсау екені бәрімізге мәлім. Ел үшін, ұлт үшін жанын қиғандарда да осы аңсау жүректерінде арман болып кетті. Ал, шын мәнінде, бұл көтеріліс азаттық таңы ататын күнді жақындатқанын сездірген оқиға болды.
Желтоқсан көтерілісінде қанша адам қайтыс болғаны әлі күнге дейін нақты айтылған емес. Ресми деректер тек төрт адамның қайтыс болғанын көрсетеді, алайда сол оқиға куәгерлері тарапынан айтылып жүрген естеліктерінен марқұм болғандардың одан біршама көп екенін аңғардық.
Еңлік Немеребайқызынан:
– Желтоқсан ызғары жүректерден мәңгі өшпейтіні ақиқат. Бүгін бір отбасын тербетіп отырған аяулы анасыз, енесіз. Отбасылық өміріңіз туралы да айта кетсеңіз. Ұл-қыздарыңызды, келіндерді қалай тәрбиелеп жатырсыз және де қазақ анасының басты бақыты неде? – деп сұрадық.
– Жолдасыммен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, перзенттерімізге жоғары оқу орындарында білім алуға барлық жағдайды жасап бердік. Бүгінгі таңда бәрі отбасылы. Қыздарым бір-бір отбасының ұйытқысы болып отыр. Алла тіл-көзден сақтасын! Шамам келгенше тәрбиеледім, «қызға қырық үйден тыйым» деген ұстаныммен барынша қолдау көрсетіп отырдым. Екі келініміз бар, өте әдепті, ибалы. Білмегенін үйретіп, қастарында жүріп көмек беремін. Ене мен келіннің қарым-қатынасы неғұрлым жақсы болса, отбасында береке орнайды.Қазақ анасының ең биік арманы –тату отбасы. Отбасында әрбір отбасы мүшелері бір-біріне қолдау көрсетіп отырса, жоққа сабыр, барға қанағат етсе, сол отбасыға бақыт та, қуаныш та үйір болады.Ал ананың бақыты – перзенттері. Солар бақытты болса, ана да бақытты. Перзенттерінің жүзінен мұң көрсе, ананың жүрегі екі есе ауырады. Сол себепті үнемі перзенттеріме:«Жүздеріңді мұң шалмасын, мұңсыз болыңдар!»– деп айтып отырамын. Алладан жолдасымның, перзенттерімнің амандығын сұрап, дұғама қосып жүремін, –деді Еңлік апай.
Қылышынан қам тамған зобалаң жылдарда жас болса да жандарын құрбан етуден де таймаған аға-әпкелердің батырлығына бас иеміз!