Қазақ халқының тарихында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, білім мен ғылымды дамытуда үлес қосқан ұлы тұлғалар көп. Олардың өмірі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді. Ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі мен жасаған игі істері арқылы біз өзімізге қажетті құндылықтарды меңгеріп, солардың жолын жалғастыра аламыз. Қазақтың ұлы тұлғаларының өмірі мен еңбектері қазіргі және болашақ ұрпаққа баға жетпес үлгі. Олардың игі істерін, өнегелі жолдарын бойымызға сіңіріп, өмірімізде қолдану арқылы біз өзіміздің жеке тұлға ретінде дамып, еліміздің өркендеуіне үлес қоса аламыз. Қазақтың ұлы тұлғаларынан үлгі алуға болатын бірнеше маңызды қасиеттер мен ұстанымдар бар. Оларды ашықтап айтар болсақ:
- Адамгершілік пен рухани байлыққа ұмтылу
Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асқар шыңы. Абайдың шығармалары мен қара сөздері қазақ халқының рухани әлемін байытуға үлкен үлес қосты. Ол адамгершілік, білімге ұмтылу, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды дәріптеді. Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі жастарға Абайдың шығармашылығы арқылы рухани байлыққа, білімге ұмтылу қажеттігін үйренуге болады. Ойшылдың еңбектерінде білімнің маңыздылығы ерекше орын алады. Жастарды білімге, өнерге, ғылымға ұмтылуға дәріптеді. Ол әрқашан «Білімді бол, оқы» деп шақырды. Бұл дегеніміз, кез келген адам білімді болғанда ғана өз өмірін жақсартып, қоғамға пайда әкеледі. Сондықтан, қазіргі жастарға да үнемі білім алуға, кітап оқуға, өздерін жетілдіруге талпыну керек.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөзі білімнің шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді. Еңбектерінде адамгершілік, әділдік, қайырымдылық сияқты құндылықтар кеңінен насихатталған. Ол адамның рухани дамуын, өз-өзімен жұмыс істеуді маңызды деп санады. Бұл жастарға рухани байлықты іздеп, өздерін жетілдіру үшін үлгі бола алады.
- Өз халқының мәдениеті мен тарихын білу және оны насихаттау
Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тұңғыш ғалымы, этнограф, тарихшы және саяхатшы. Ол өз дәуірінде қазақ мәдениеті мен тарихын зерттеуде, оны әлемге танытуда үлкен еңбек сіңірген. Шоқанның өмірлік ұстанымы мен ғылыми ізденістері қазіргі жастарға ғылымға, зерттеушілікке қызығушылық танытуға және өз халқының мәдениеті мен тарихын терең білуге шабыт береді. Бірнеше тілдерді меңгеріп, түрлі мәдениеттермен байланыс орнатқан. Оның көптілділігі мен басқа мәдениеттерді түсінуі бүгінгі жаһандану заманында өте маңызды қасиет. Жастарға әртүрлі мәдениеттерді зерттеу, шет тілдерін үйрену арқылы әлеммен қарым-қатынас орнатуға және түсіністікке қол жеткізуге көмектеседі. Шоқанның еңбектері арқылы біз өз тарихымызды тереңірек түсінеміз. Жастар үшін бұл өз халқының бай мұрасын білуге, оны сақтау мен насихаттауға шабыт береді. Өз мәдениетіңді құрметтеу – ұлттық сананы нығайтудың негізі.
- Ұлт пен елдің мүддесін қорғау
Әлихан Бөкейханов – қазақтың қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі және Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы. Әлиханның идеялары мен мақсаттары қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығын көздеді. Саяси күресте қайраттылық пен табандылықтың, елдің болашағы үшін күресудің үлгісі ретінде танылды. Қазіргі қоғамда Әлиханның идеялары тәуелсіздік пен ұлттық сананың маңыздығын түсінуге, патриотизмді насихаттауға ықпал етеді. Оның саяси және азаматтық көзқарастары бүгінгі ұрпаққа елін сүюдің, оның мүддесін қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ол өз халқына деген махаббаты мен елдің болашағы үшін күрескені арқылы үлгі болды. Бұл дегеніміз, әрбір адам өз елін, тілін, мәдениетін сүюі, оны қорғауы және дамытуы керек. Әлиханның ел үшін жасаған істері жастарды өз елінің болашағына немқұрайлы қарамай, оны жақсарту үшін еңбек етуге шақырады.
- Еңбекқорлық пен табандылық
Ыбырай Алтынсарин – еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісі болды. Ол білім беру саласында үлкен жетістіктерге жетіп, қазақ даласында мектептер ашып, ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалады. Оның еңбекқорлығы мен табандылығы қазіргі жастарға кез келген істі табандылықпен, үлкен жауапкершілікпен атқаруға үйретеді. Еңбек адамды алға жетелейді, өмірде табысқа жетудің кілті – адал еңбек.
Ұлы ойшылдарымызды айшықтап, олардың философиялық мұраларын бағалағаннан кейін, өз елімізде қазіргі таңда қызмет етіп жүрген ұлы тұлғаларды да қарастырып өтсек, олардың қоғамға қосқан үлесі мен жетістіктері арқылы елдің дамуына қандай әсер тигізгенін түсіну маңызды.
- Білімге, тәрбиелеуге арналған еңбекқорлық
– Ұстаздар: Кез келген ұстаздың басты мақсаты – шәкірттеріне білім беру және оларды тәрбиелеу. Ұстаздар күнделікті өз жұмысына адал болып, оқушыларды біліммен сусындатып, қоғамға пайдалы азаматтарды тәрбиелейді. Олардың өз істеріне деген адалдығы мен жауапкершілігі жастарға үлкен үлгі. Бұл дегеніміз, ұстаздардан кез келген істі адалдықпен атқаруды, сабырлы және табанды болуды үйренуге болады.
- Елге қызмет ету
– Абыройлы азаматтар: Елінде беделі жоғары азаматтар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, дәрігерлер, заңгерлер және т.б. өз салаларында еліне қызмет етуде озық үлгі көрсетеді. Олар халықтың игілігі үшін еңбек етіп, өз ісіне адал болып, қоғамды жақсартуға үлес қосады. Бұл дегеніміз, әрбір адам өз саласында адал қызмет етіп, өз еліне пайдамды қалай тигіземін деп ойлануы керек.
- Адалдық пен әділдік
– Адал және әділ азаматтар: Әділдік пен адалдықтың үлгісі болу – кез келген азаматтың маңызды қасиеттері. Адал азаматтар өз сөзінде тұрып, шыншылдықпен әрекет етеді, әділеттілік принциптерін ұстанады. Мұндай адамдар қоғамда сенім тудырады. Олардың осы қасиеттері жастарға шыншыл болуға, өз сөзінде тұруға, әділетті болуға үйретеді.
- Қоғамдық белсенділік
– Қоғам қайраткерлері: Қоғамда белсенді азаматтар өз ойларын ашық айтып, маңызды мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуға атсалысады. Олар қоғамның дамуына ықпал етіп, өзгелерге үлгі болады. Бұл жастарға өз пікірін білдіру, қоғамдық істерге қатысу, жауапкершілікті өз мойнына алу сияқты қасиеттерді үйретеді.
- Қайырымдылық пен мейірімділік
– Қайырымды азаматтар: Қайырымдылықпен айналысатын азаматтар, мысалы, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларына қатысатындар, қоғамда мейірімділік пен қамқорлықтың үлгісі бола алады. Бұл жастарға өзгелерге көмек көрсету, мейірімді болу, қоғамға пайдалы іс жасау қажет екенін үйретеді.
- Мамандыққа деген адалдық
– Өз ісінің мамандары: Әрбір салада өз ісін жетік білетін, кәсіби деңгейде жұмыс істейтін азаматтар бар. Мысалы, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, фермерлер – олардың барлығы өз саласында үздік болуға талпынады және адал еңбек етеді. Бұл жастарға өз ісіне деген адалдықты, кәсіби шеберлікті дамытуға және жауапкершілікпен жұмыс істеуге үйретеді.
Қорытындылай келе, қазақтың ұлы тұлғаларынан, ұстаздардан және елінде абыройлы азаматтардан үлгі алу – біздің рухани, моральдық және кәсіби дамуымыз үшін маңызды. Бұл тұлғалардың өмір жолы, еңбегі, және мінез-құлқы бізге адамгершілік, адалдық, білімге ұмтылу, елге қызмет ету, еңбекқорлық, және әділдік сияқты құндылықтарды бойымызға сіңіруге көмектеседі.
Осындай үлгілі тұлғалардың өнегелі өмірінен үйрену арқылы біз өзіміздің жеке тұлға ретінде дамып, қоғамға пайдалы азамат болуға талпынамыз. Олар көрсеткен жолмен жүріп, біз де келешек ұрпаққа үлгі боларлық істер жасай аламыз. Сондықтан әрбірімізге ұлы тұлғалардың, ұстаздардың, және абыройлы азаматтардың үлгісін қабылдап, оны өз өмірімізде қолдану – елдің болашағы үшін маңызды міндет.
Ұ.Перден,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы