Арлылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Арлы кісі ұят, иба, намыс, қанағат, әдеп, шүкіршілік секілді бірқатар игі қасиеттерді бойына жинақтай білген мол парасат егесі. Қазақ халқы талайлы тағдырында сан түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, арына дақ түсірмеген текті халық. Артық күлкі, артық ұйқы, артық тамақтың өзін арсыздыққа балаған ата-бабаларымыз ар тазалығына өткір сынмен қараған. Ел ішінде кең тараған «Мал сақтама, ар сақта», «Ердің құны бір ділдә, абыройы мың ділдә», «Ар иманның жолдасы», «Ақылың болса, арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деген нақыл сөздер соның белгісі.
Ар-ұят, намысты сақтау әдептіліктің белгісі. Әдептілік деген – үлкенге қамқоршы, кішіге мейірімді бола білу. Ұяты бар адам әдеп сақтай алады. Адам баласының бәрі бұл өмірде бақытты болсам дейді. Сол бақытқа жету үшін қолынан келген бар мүмкіндігін істеп бағады. Бірақ өкінішке орай көбісі ақырет бақытына апарар жолды ұмытып жатады.
Егер адамдарда әдеп пен ұяты, қоғамдық пікірі болмаса, әрине, жер беті тек тәртіпсіздердің мекені болар еді. Жіберген қателіктері мен күналары үшін ұялмаса, адамдардан қымсылмаса, Алладан қорықпаса оны келеңсіз жаман істерден тыю мүмкін болмас еді. Сондықтан да ел арасында мынадай мақалдар кең тараған. «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Ұяң адам – ұялшақ, ұятсыз адам – сұраншақ» тағы көптеген басқа да халық мақал-мәтелдері жиі кездесетіні бізге мәлім. Кезінде бабаларымыз көшіп-қонып, дала жұрты болғанының өзінде дүние, мал-жанға қарамастан, ар-намысты аяқ-асты таптатпай бекем ұстаған. Өйткені, ата-бабаларымыз «өлімнен ұят күшті» дейтін, бұл бір имандылықтың белгісі.
Намысшыл ата-бабаларымыз кез келген мәселеде ар-ұятты болуға тырысып, «Ұят – ар сақтайды, арлыны ел мақтайды. Кімде ұят болса, иман сонда» – деген қазақ мақалында терең ой жатқанын байқауға болады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген. Сонымен қатар, еркектер мен әйелдер арасында ұят, ар-намыс, нәзіктік сияқты сезімдердің орын алуы да өте маңызды.
Жалпы қазақ әдеп-ибасының тең жартысы әйелге байланысты айтылады екен. Қызға 40 үйден тыйым салатын бабаларымыз «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, әйел затын ардақтауға шақырған. Дүниеде ұяттан сұлу нәрсе жоқ. Әдеп-иба адамдықтың белгісі деп, ар-ұят имандылықтың шарты еткен. Ұл жаманы үйге, одан қалса ауылға залал салады, ал қыз жаманы бір елді емес, екі елді бірдей шулатады деп, қыздың әдеп-ибасының ел әдебімен байланысты екенін жақсы қорытындылаған. Ұлттың болашағы әйелдер қауымы, өлімнен ұят күшті деп атадан балаға жалғасқан әдеп-ибамызды әспеттей берейік.
Қазақ иманын өмір сүрудің тірегі, ар-ожданның асыл ақиқаты деп ұққан. Сол себепті жүректен иман шыққаннан кеудеден жанның шығуын артық санаған. Оған халқымыздың мына бір сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы». Бұл жерде қазақтың «арым» деп, отырғаны – иман. «Ұят кімде болса, иман сонда» деуі де осыған саяды. Ұятын сатқан жанды «иманын сатты», арсыз жанды «имансыз» деп бір сөзбен жеткізген. Бұл қазақтың аса иманды, момын-мұсылман екендігінің белгісі.
Қорытындылай келе, жаным арымның садақасы деп, ар-намыс жолында шыбын жанның да құрбан екенін ескерткен екен дана халқымыз. «Өлімнен ұят күшті» деп, атадан балаға жалғасқан әдеп, ар-намысымызды әспеттей берейік. Иә, арлылық ең ізгі қасиет десек, арсыздық адамға ешқашанда жақсылық, опа әкелмейді. Арсыз адамның екі дүниесі де қараңғы. Ел де арсыз адамнан қашады. Өзінің қара сөзінде «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалдың дұрыс еместігін сынаған Абай атамыз да «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын!» деп еді.
Д. Аманов,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы