Дін – өте нәзік әрі маңызды сала. Ал, зайырлылық – көпконфессиялы және полиэтносты қоғамда бейбітшілікті сақтаудың жолы. Бұл тек мемлекетке ғана емес, сондай-ақ әрбір азаматқа да қажетті. Сондықтан қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Биылдан бастап Қазақстан қоғамындағы сын-қатерлерді ескере отырып, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылады. Тұжырымдама мемлекеттің зайырлы даму қағидатарын одан әрі нығайтып, мемлекеттік және конфессияаралық қатынастарды жетілдіреді, дін саласын реттеуде нақты қадамдарды анықтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдан астам тарихында Қазақстан егеменді, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты. Әлемдік қоғамдастық еліміздің дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді ілгерілетуге қосқан бірегей үлесін мойындады.
Көптеген ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессиялардың өкілдері бейбіт қатар өмір сүрген және бір-бірін мәдени жағынан өзара байытқан ел аумағында Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлі рухани құндылықтарын дамыту үшін қажетті саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасалған.
Өзінің тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан көптеген бітімгершілік бастамалардың бастамашысы, бейбітшілік пен толеранттылық идеяларының жеткізушісі болды. Осылайша, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері еліміздің қоғамдар мен мемлекеттерде жасампаздық пен келісімді қалыптастыру идеяларын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі болды. Тұжырымдаманың мақсаты – еліміздің дамуының зайырлы қағидатын қамтамасыз ету және нығайту, азаматтардың ар-ождан бостандығын кепілдендіру, олардың дінді таңдай алу немесе діннен бас тарта алу еркіндігіне жол ашу. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты ұтымды жүзеге асыру үшін үкімет пен азаматтық қоғам өкілдерінің әріптестігін арттыру, азаматтарды діни сауаттылығын жоғарылату, ақпараттық қызметті күшейту, деструктивті ағымдардың жұмысына тосқауыл қою – Үкімет жасайтын жоспарға енетін шаралардың негізгі бағыттары. Бүгінде елімізде 18 конфессия мен 3658 діни бірлестік тіркелген. Сондай-ақ Қазақстанда 2550 мешіт, 294 православ және 109 католик шіркеулері, 495 протестант, 2 будда ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы мен Кришна және бахаи қауымдастықтарының 7 құлшылық үйлері жұмыс істейді. Бүгінде әлем елдерінде дін мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өміріндегі орнының маңызы артып отырғанын көріп отырмыз. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі.Әлемдегі діннің дүмпуі Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Тәуелсіз қазақ елінде діни жаңғыру үдерісі ұлттық дәстүр мен құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлінің артуынан және жастар арасында діндарлық деңгейінің өсуінен байқалады. Мысалы, мешітке барып жатқан жамағаттың 70 пайыздан астамы жастар десек қателеспейміз. Ғаламтор желісіндегі діни сайттардың оқырмандары, фейсбук (facebook), вк (vk), инстаграм (instagram), твитер (twitter) сияқты т.б. әлеуметтік желілердегі діни топтардың басым бөлігі тағы жас буын. Желіде діни мазмұндағы мақалалар мен ақпараттарды, діни мәтіндер мен аят-хадистерді, фатуаларды (діни шешімдер мен үкімдерді) бір-бірімен бөлісетін де осы – жастар. Демек, қоғамда әсіресе, келешек буын жастардың арасында дінге, діни рәсімдерге, діни ақпаратқа сұраныс артып отыр.
Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың жалпы білім көкжиегін кеңейту де маңызды. Арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық, діни ұғымдарды (жиһад, такфир, һижрет, талақ т.б.) қате түсіну, дін мен дәстүрді ажырата алмау сияқты кемшіліктер де экстремизмге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Дін – дұрыс түсінген адам үшін рухани кемелденуге жетелейтін, ал қате түсінген адам үшін қиындыққа айналары сөзсіз. Негізінен адасқандар мен экстремистердің қатарына қосылатындар дұрыс діни тәрбиеден нәр алмағандар. Ақтөбе, Атырау, ақтау сияқты еліміздің басқа да өңірлерде намаз оқымағандарды «кәпірге» шығарып, олардың дүние-мүліктерін тонауды адал етіп жүргендер міне, осылар. Сондықтан жастарға тура бағыт беріп, дұрыс тәрбиелеуде мемлекет пен дін қызметкерлері күш біріктіргендері абзал.
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру әртүрлі конфессия мен этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Б.Абдрахман,
Түркістан облысы дін істер басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы