Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс, ол үшін осы салада тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру қажет.
Мемлекет өз аумағында конфессияаралық татулық пен келісімді қамтамасыз ету үшін дінге сенушілермен қатар атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың да құқығын құрметтейді.
Діни нормалар әртүрлі діндер арқылы бекітілген, сол дінге сенушілер үшін міндетті болып табылатын әлеуметтік нормалар болып табылыды.
Зайырлы мемлекет – азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлектігін білдіреді. Дін мемлекеттік идеологияға ықпал ете алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында рухани құндылықтарға сүйенген демократия талаптарына сай байланыстар орнатылады.
Зайырлы мемлекетте діни сенімдері мен көзқарастары әртүрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі қамтамасыз етіледі. Яғни, зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынасты құқықпен ретке келтіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы елімізді зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады. Яғни діни негізде шешім қабылдауға, діни негізде саяси партия құруға, діни көзқарасқа байланысты Конституциямен бекітілген міндеттерді орындаудан бас тартуға тыйым салынады.
Білім беру жүйесі зайырлы сипатта болғанымен, діни білім ұйымдарын құруға рұқсат етіледі. Еліміздің негізгі заңында орын алған бұл нормалардың барлығы адам мен азаматтың мүддесін қорғауға, Қазақстан Республикасының тұтастығын сақтауға, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге негізделген.
Конституция діни бостандықты орнықтырады, адамды діни, әлеуметтік және өзге де негіздерге байланысты кемсітуге тыйым салады, заң алдында теңдікті бекітеді. Ешбір дінді мемлекеттік ретінде бекітпейді және міндеттемейді. Зайырлы мемлекет таза күйінде ешбір дінді ресми мемлекеттік деңгейге көтермейді және міндетті дін ретінде қарастырмайды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңы еліміздің ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитындығын бекітеді.
Дінге қатысты «діни саясат» және «дін» саясаты ұғымдары бар. «Діни саясат» ұғымы нақты бір діни ұйымның өзінің ұстанымдарына байланысты жүргізетін саясатын білдіреді. Жекелеген діни ұйымдардың ішкі саясатына мемлекет араласпайды. Діни саясаттың мазмұнында діни ұйымның барлық іс шаралары жатады. Мысалы, еліміздегі ҚМДБ мешіт, медресе салу, діни білім беру және оны ұйымдастыру, мазһабтар аралық келісімді қолға алу, діни тәжірибені жандандыру, діни танымды көтеру, діни сананы насихаттау, діни сенімді түсіндіру шараларын өзінің жеке ұстанымдарына байланысты, еліміздің заңнамасы шеңберінде жүргізеді. Бұған еліміздің конституциясы кепілдік береді. «Дін саясаты» болса мемлекеттің өз аумағында әрекет етуші діни ұйымдарға қатысты жүргізетін саясатын білдіреді. Дін саясаты үш құрамдас бөліктен тұрады: бұл идеология, заңнама және арнайы идеология мен заңнаманы жүзеге асыру тәжірибесі.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – делінген.
Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан, азаматтарымыздың өзі қалаған (ресми рұқсат етілген діни бірлестіктер мен діни ұйымдарға) дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан табылады. Ата Заңымызға сәйкес азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған.
Соңғы кездері мемлекеттік мектептер мен оқу орындарында діни үлгідегі киім кию мәселесі, білім беру бағдарламасына енген сурет, ән сабағы және дене шынықтыру сабақтарынан бас тарту сияқты кейбір фактілер орын алуда.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінде жауапты Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген жоспарға сай білім беріледі және оқу бағдарламаларының мазмұнында канондалған діни білім алу қарастырылмаған, сондай-ақ діни бірлестіктердің оқу үдерісіне араласуына немесе ықпал етуіне жол берілмейді. Қосымша мектептен тыс діни білімін жетілдіре алады. Ата-аналары мен заңды өкілдері балаларының қандай мазмұндағы діни білім алып жатқандығына жіті назар аударып, күмәнді діни топтардың ықпалынан сақтандырудың жолдарын қарастырғаны жөн. Дінге қызығушылық танытқан оқушылардың ата-аналары мен заңды өкілдері олардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына уақытлы назар аударып, қандай діни кітаптар оқитынын, діни ақпарат алу дереккөздерін (интернет сайттар мен әлеуметтік желілер) және діни қарым-қатынастағы ортасын қадағалап отыруы қажет.
Бұл балалар мен жасөспірімдерді деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру мен алдын алудың тиімді жолдарының бірі болып табылыды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 4-тармағы бойынша: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады. Және сол заңның жалғасында: «Ешкімнің өзінің діни сенімдері себептері бойынша ҚР Конститутциясында және заңдарында көзделген міндеттерді орындаудан бас тартуға құқығы жоқ» деп көрсетілген.
Қорыта келе еліміз зайырлы демократиялық көп ұлтты көп конфессиялы мемлекет. Сондықтан елімізде тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтауымыз үшін, заң алдында оның ұстанатын сенімі мен нәсіліне қарамай тең құқыққа ие. Әр ұлттың дәстүрі мен діни сенімі өзі үшін қастерлі де қасиетті болуы мүмкін. Ол әр азаматтың жеке тұлғалық мәселесі болып қала береді. Бірақ кез келген бір ұлт немесе дін өкіліне заң мен тәртіпте мемлекет алдында тең дәрежеге ие.
Ж.Битанов,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Сайрам ауданындағы теолог маманы