Қазір ғылым мен техниканың дамыған, ғаламтор әлегінің әлемді жаулап алған, тәрбие мен білімнің қайнаркөзі ұялы телефон мен теледидар болып тұрған уақыт екені белгілі. Ғаламтор жылдам ақпарат алмасу үшін, адамдардың тез керекті мәліметін жүктеп алуы үшін керек-ақ. Бірақ байқап қарасақ, бүгінде ғаламтор жастар өмірінің айнымас бір бөлігіне айналғандай. Өйткені, жолда, жұмыста, тіпті ас ішіп отырса да ұялы телефонға немесе агентке телмірген жастарды көретін болдық. Басым көпшілігін сыртқы орта, айналасы, ата-анасы, достары, оқу мәселесі қызықтырмайтыны соншалық, ғаламторға сүйеніп, кітап оқуды, ізденуді қойды десек те болады. Өйткені, ғаламторға кіріп, керекті мағлұматтың атын жазсаңыз болғаны, түрлі рефераттар, зерттеулерді тауып, дайын нәрсені шығарып, мұғалімге өткізе салады. Сондықтан да оқушылардың сөзі жұтаң, айтар ойын анық жеткізе алмайды. Сабақта түсінік айту да жинақы емес, әр сөздің басын бір алып құрастыра алмай тұрғаны. Құдды бір «хештегпен» сөйлеп тұрғандай.
Оқушылар көркем әдебиет былай тұрсын оқу құралы қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқымайтындай. Бұрындары бесік жырын, әжесінің ертегісін тыңдайтын бала қазір компьютердің ойындарын, ғаламтордың мағлұматтарын тыңдайды. Сонымен қатар, бұғанасы бекімеген баланың компьютер алдында ұзақ отырғаннан көзі талып, жотасы сыздап, тәй-тәйлап қадам басқаннан-ақ көзілдіріктің көмегіне жүгініп жатқаны. Компьютерден бөлінетін ультра-күлгін сәуле көзге кері әсерін тигізіп қана қоймай, баланың ұдайы отырғанынан түрлі ауруларға шалдықтырады. Онымен қоса, компьютерге енгізілген ойындар атыс-шабыс, қан төгу және жауыздыққа бағытталған болып келеді. Осы ойындарды бала ойнағаннан, оның психологиясына жаман әсер беретінін өздеріңіз де білесіздер. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында ақша табудың оңтайлы жолы табылған. Яғни, компьютерлік ойынханалар ашып, оларды жақсылап жарнамалап, еңбектеген баладан еңкейген қариямызға дейін өздеріне тартып қана қоймай, жаман қылықтарға, тәуелділікке, түрлі қылмыстарға бағыттап отырғаны айқын.
Компьютерлік атыс-шабыс ойындардың, шетелге еліктеген әртүрлі бейне жазбалар мен суреттердің орнына өзіміздің ұлттық ойындарымызды, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, балаларды қызықтыра отырып баулыса әлдеқайда дұрыс болмақ.
Ғаламтор арқылы діни білім алу да адамға үлкен қауіп төндіреді, ол кенеттен радикалды идеологияның ықпалына түсіп, деструктивті ұйымдардың қатарына қосылуы мүмкін.
Егер бұрын адамдар рухани білімді атақты теологтардан алса немесе бір елден екінші елге саяхаттап, тәжірибелі рухани тәлімгерлерден дәріс алса, бүгінде жоғары технология мен цифрландыру заманында діни білімді үйлерінен шықпай-ақ алу мүмкіндігі туындады. Алайда, ол ақпарттардың дұрыс-бұрыстығын қарап ажыратып отырғандар аз.
Қазіргі жастар көп жағдайда түрлі форумдар, сайттар, әлеуметтік желілер мен қоғамдастықтарда діни білім алуға тырысады. Алайда қазіргі таңда елімізде іргелі діни білімдерді келесідей көздер арқылы алу үшін барлық жағдай жасалған:
— Дін істері комитетінде сараптамадан өткен діни сипаттағы кітаптар мен материалдар;
— рухани теологиялық институттар;
— мешіттердегі курстар;
— тіркелген діни бірлестіктердің ресми интернет-ресурстары.
ҚМДБ басшылығымен елімізде орта арнаулы теологиялық білім беру аясында Астана, Алматы, Талдықорған, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш және Тараз қалаларында тоғыз медресе-колледж жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚМДБ жанынан Имамдардың біліктілігін арттыру институты мен Құран қариларын дайындайтын екі орталық жұмыс жасауда.
Жоғары теологиялық білім беру жүйесінде «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс атқаруда. Бұл жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды дайындайтын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны.
Сонымен қатар, еліміздегі барлық дерлік мешіттерде діни сауат ашу курстары ашылған.
Псевдосәләфи және деструктивті идеялармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – діни сала мәселелері бойынша сауаттылық. Өйткені білімсіздік күмән тудырады, күдік – надандық, надандық – қателік.
Ғаламтор арқылы рухани білім алғысы келетіндерге дінтанушылар тек тіркелген діни бірлестіктердің сайттарына кіруге кеңес береді. Қазіргі уақытта ҚМДБ тарапынан 20-дан астам ресми интернет-ресурстар жұмыс істейді.
Қазір, елімізде діни сауат аламын деушілерге бар мүмкіншіліктер жасалған. Білікті мамандарымыз, ұстаздарымызда жеткілікті. Сенімді ақпарат көздерінен білім алайық! Ғаламдық құбылысты дұрыс жағынан пайдалана білейік!
А.Құрманбек,
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы