Мешіттің өз тәртібі бар. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев бұл жайында кеңінен түстіндіріп өтті.
«Қазақ елі үшін он ғасырдан астам уақыт бойы дәстүрлі жол болып қалыптасқан Ханафи мәзһабын мойындамайтын, көпшілік мұсылмандармен бірге болғысы келмейтін, ұлттық салт-дәстүрмен санаспайтын, елдің ауызбіршілігіне нұқсан келтіретін салафилік-уахабилік ағымының идеологиясы еліміздің тыныштығына қауіп төндіруді қаламайды. Осы тарихи тұғырымызды ескерген мемлекет басшысы 2012 жылғы жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз…» деп, қазақ елінің рухани ынтымағындағы маңыздылығын сүнниттік бағыттағы Ханафи мәзһабы, Матуриди сенім мектебі екендігін атап өткен болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде ханафи мәзһабының ережелерін сақтамай, жат ағымның жолындағы жоралғыларды жасайтын, имамға қасарыса қарсыласатын, жамағаттың шырқын бұзатын жат пиғылдылардың әрекетін дұрыс санамайды» — деді теолог маман.
Қ.Салықбаевтың айтуынша мешіт ішінде отырып, жамағат арасында алауыздық тудыратындар – мешіт тәртібіне бағынғысы келмейтін, Әбу Ханифа мәзһабы мен салт-дәстүрімізді мойындамайтын, мемлекеттік құқықтық нормаларды сақтамайтын, қоғамда қалыптасқан зайырлы құндылықтарды құрметтеймейтін жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар имамның сөзі мен мешіттің тәртібіне бағынбай, «әмин» сөзін дауыстап айтатын салафилік-уахабилік бағытты ұстанатын азаматтардың жоғарыда атап өткен бүлікке бастайтын әрекеттері заң жүзінде айыпталатыны ескертілген.
«Ислам діні ел ішінде бейбіт өмірдің сақталуына, халықтың ауызбіршілігінің беріктігіне үлкен мән береді. Сондықтан әлем ғұламалары қай елде қай мәзһаб басымдылыққа ие болса, сол елдің мұсылмандарына сол мәзһабты ұстану міндет болатыны туралы бір ауыздан пәтуаласқан (иджмағ). Сондықтан, әрбір мешітке келуші елімізде Ханафи мәзһабы дәстүрлі ислам жолы екенін ескеріп оның қағидаларын берік сақтауға тиіс.
Дініміз тәртіп сақтауға көп көңіл бөлген. Оны мешіт ішінде жамағатпен оқылатын намаздың талабынан байқауға болады. Әнәс ибн Мәлік жеткізген Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Саптарыңызды түп-түзу етіңіздер, намаздың толық болуы – саптың түзулігіне байланысты» (Бұхари және Муслим), – деген хадисі мешіт ішіндегі тәртіптің қатты сақталу керектігін меңзеген.
2016 жылғы 16 қарашада құжаттың қабылдануы қазіргі заманның, қоғамның, мешітке келуші жамағаттың талабынан туындап отыр. ҚМДБ Жарғысына сәйкес, ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңына, еліміздегі басқа да қолданыстағы заңнама нормаларына, инструктивті құжаттарға және еңбекті ұйымдастыру саласындағы нормативтік актілермен, «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжаты дайындалды» — деді Қ.Салықбаев.
Мамандардың сөзінше, ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің «Амин» сөзі туралы шығарған үкімдері мен шешімдері еліміздің аумағында орналасқан мешіттерде мүлтіксіз орындалуы тиіс. Оған бағынбағандар діни қызметке кедергі келтірген болады. Оның дәлелі заңда анық жазылған. Атап айтқанда, заңның 3-бабы 5 тармағында «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді»,-деп жазылған.
«Сол құжаттың 1.4. бабында: «Мешіт жамағаты (бес уақыт намазға қатысушы, уағыз тыңдаушы, сауат ашу, Құран курстарының шәкірттері, жеке мәселеде келушілер) мешіттің ішкі тәртібінде қарастырылған барлық міндеттемелерге бойұсынуға міндетті», – делінген. ҚМДБ орталық аппараты жамағатты «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжатындағы талаптар мен ережелерді сақтауға, құрмет етуге шақырған. Құжаттың кез келген бабы бойынша тәртіп бұзып, мешіт ішіндегі тыныштықты кетіріп, теріс әрекет жасаушылар мен оларды қолдаушылар заң алдында жауап беретінін ескертеді. Сонымен қатар, жамағатты Абу Дардадан жеткен Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Жамағатпен бірге болыңдар! Өйткені, бөрі бөлінгенді жейді (Имам Термизи, Әбу Дәуіт, Нәсәий, Байһақи сунандарында, Ибн Хиббан, Ибн Хузайма сахихтарында, Хафизул-Хаким мустадрагында риуаят еткен дұрыс хадис)»,-деген өсиетіне мән беріп, адасқан ағымдардың арбауына түспеуге үндейді» — Қ.Салықбаев.
Мешіттің ішкі тәртіп ережесін бұзған жағдайда, азаматтарға заңды тұрғыдан шара қолданылады ма? Бұл туралы да теолог маман кең көлемде түсіндіріп берді.
«Намаз уақытында имамның ескертуіне қарамастан «Әмин» сөзін дауыстап айтқан. Осылайша, заңды діни қызметке кедергі келтірген. Сол себепті имам полицияға арыз жазса, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, «Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Алайда, бір жыл ішінде осындай өрескел тірлік қайталанса, онда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 8-бөлігінде: «Осы баптың бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – қызметке тыйым сала отырып, жеке тұлғаларға – екі жүз, лауазымды адамдарға – үш жүз, заңды тұлғаларға бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, мешіттер (һәм онда өтелетін барлық құлшылықтар) бір Алла үшін (сондай-ақ адам баласының құлшылық барысында қимылдайтын барлық мүшелері де бір Аллаға тиесілі). Ендеше, Алладан басқа ешкімге әрі ешнәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар!»,- делінген («Жын» сүресі, 18-аят).
Осылайша, Жаратушымыз бізге мешітке баруды бұйырады. Алайда Алла үйіне кірудің, онда отырудың, шығудың өзіндік тәртіптері мен әдептері бар» — деді Қ.Салықбаев.