Ш.Қанайұлы атындағы №2 жалпы білім беру мектебінде оқушылар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы бағытталған кездесу өтті.
Кездесу барысында Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ—нің теолог маманы Ұ.Құлтай әлеуметтік желілерде тыңдауға кеңес беретін уағызшылар мен тыңдауға қауіп тудыратын уағызшыларды оқушылардың назарына жеткізді.
«Қазақстан өз алдына тәуелсіздігін жариялап, сенім бостандығына ерік берген тұста, сырттан ағылған жат діни ағымдар ағыны ұлғая түсті. Халықаралық құқықтық нормаларды бекітіп, конвенцияларға қосылу сырттан келетін діни ағымдардың да ықпалын күшейтуге жол ашты. Деструктивті ағымдар елдің әлеуметтік осал тұстарын пайдаланып, өздерінің мақсат-мүддесін жүзеге асыруға белсене кірісті» — деді Ұ.Құлтай.
Сондай-ақ, теолог маман дін деген дүние адамзат тарихының қай кезеңінде болсын адам өмірінің маңызды қажеттіліктерінің бірі болып табылатындығын айтты.
«Қазіргі таңда діннің төңірегінде орын алып жатқан жағдаяттар бүгінгі қоғамда діннің өзектілігін одан әрі арттырып отыр. Өкінішке орай, күннен-күнге діннің маңыздылығына қарағанда, оның кері ықпалын көрсетуге бағытталған пікірлер қалыптасып жатыр. Нәтижесінде діни экстремизм, діни терроризм секілді терминдер ислам атауымен қатар қолданылып, дінді қауіпті, зиянды дүние ретінде көрсетіп тұр. Жаһандану процессіне жұтыла бастаған қазіргі әлемде соңғы жарты ғасырдан бері исламдану қарқынды жүріп жатыр. Мұны әрине жақсы үрдіс деуге болады. Бірақ әттеген-ай дейтін тұстары да баршылық. Себебі кейбір келеңсіз жайттарға байланысты исламды «құбыжық дін» деп танып жатқандар да бар» — деді толог маман.
Сондай-ақ, жалпы қазіргі таңда қоғам арасында дәстүрлі емес діни жат ағымдардың қатарына адам тарту тәсілі бүгінгі күні өзгергендігін жеткізді.
«Нақтырақ айтқанда заманға сай өзгерген, қоғамның сұранысына қарай бейімделген. Ал жат ағым иелері жастардың санасын қалай улайды? Не себепті жастар тез дәстүрлі емес діни бағыттағы ағым жетегіне еріп кете барады? Оған негіз – білімсіздік. Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 30-34 аяттарында былай дейді: «Кезінде раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын, дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгілетін біреуді жаратпақсың ба?! Біз бір өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкіршілік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада, пәк һәм ұлы екеніңді жар салып, сені ұлықтаудамызғой»,- деді. Сонда Алла оларға «Расында, мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін» деді. Адамды періштеден үстем еткен – білім деген сөз осы тұста тура айтылғандай» — деді ол.
Ал, Кентау қалалық орталық мешіттің наиб имамы Д.Курбанкулов оқушыларға, теріс ағым жетегіне оңай еріп кету себебі, діни танымның және діни білімнің аздығынан екенін түсіндіріп өтті.
«Бүгінде өзге ағым ұстанушылар дәстүрлі бағыттағы ілімді жоққа шығарып, бидғат деген ұстанымды құп көреді. Осылайша жастардың санасын улап, жат діни иммунитетті бойына сіңіріп, қалыптастырады. Ал бұл келешек ұрпақ үшін дәстүрлі діни бағыттағы исламды мойындамауға, басшылыққа қарсы шығу яки бойсұнбауға әкеп соқтырады. Бүгінде теріс пиғылды түрлі діни ағымдар мен секталар пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс максатта пайдаланып, өз жақтаушылар қатарына қосуға үгіттейді. Керағар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады. Қоғамға, әсіресе жастарға мақсатты түрде ықпал ету үшін әлеуметтік желілер, экстремистік және террористік идеяларды белсенді насихаттайтын бейнероликтерді, әдебиеттерді заңсыз түрде насихаттау арқылы жүргізіледі» — деді наиб имам.