Төлеби ауданында білім саласында аянбай тер төгіп жүрген қыз-келіншектер аз емес, солардың бірі Момынай жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байтүгелова Сәуле Түкейқызы. Әріптесіміздің педагогикалық өтілі 38 жылды құрайды.
С. Байтүгелова 1965 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Қазығұрт ауданы, Ақжар елді мекенінде дүниеге келген. 1972 жылы Ақжар сегізжылдық мектебінің 1-сыныбына қабылданып, негізгі мектепті үздік бітірген. Шымкенттегі қазіргі М.Тасова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдаған. 1985 жылы Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны1990 жылы бітірді.
1987 жылы Момынай ауылына келін боп түсіп, осы елді мекендегі мектепте ұзартылған күн тобының тәрбиешісі болып еңбек жолын бастап, кейінірек өз мамандығы бойынша жалғастырған. Сол жылдардан бері осы білім ордасында табан аудармай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Қырық жылға жуық уақыт аралығында ұлағатты ұстаз қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама беріп, адамгершілік құндылықтарға баулыды. Сәуле Түкейқызы ұстаздық жолға түсуді оқушы кезінен армандады. Балаларға деген сүйіспеншілік, білімімен бөлісуге және шығармашылыққа деген шексіз құштарлық мұғалім мамандығын меңгеруге итермеледі. Жыл өткен сайын оның кәсібіне деген сүйіспеншілігі артпаса, кеміген жоқ. Ол жаңа шәкірттерді үлкен ықыласпен қарсы алып, оларға біліммен қатар жүрегінің бір бөлшегін сыйлайды.
Сәуле апай кәсіби шеберлігін ұдайы арттырып, шәкірттердің сапалы білім алуы жолында ылғи ізденіс үстінде жүреді. Ертеде Қытай ойшылы Конфуций «Кім ескіге қарап, жаңаны аша алатындай болса, ол оқытушы болуға лайық» деген екен. Білікті ұстаз сабағында жаңа әдіс-тәсілдерді, жаңа идеяларды ойлап тауып отырады. ХХ ғасырдың басында ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Сабақ беру – жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деген сөзін ұстанымына айналдырған. Сондықтан да оның сабақтары тек білім беру ғана емес, оқушылармен қызу диалогтар, қызықты ойындар, шығармашылық жобалар іспетті. Тәжірибелі ұстаз өскелең ұрпақты сауатты болуға, көркем әдебиетті сүюге, сұлулықты көре білуге, ұсақ-түйектерге назар аударуға және қоршаған әлемді аялауға баулиды. Сабақтарында жаңа технологиялық элементтерді, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, шәкірттердің нәтижелі білім алуы үшін қолайлы жағдай жасай біледі.
«Қазіргі ұстаз өзіне қатаң талап қоятын, шығармашыл, жігерлі жеке тұлға болуы тиіс. Мұндай қасиеттерсіз жеке тұлғаны қалыптастыратын негізгі әдісін меңгеру, өзінің шығармашылық мүмкіндігін ашу қиынға соғады» дейді білікті педагог.
С.Байтүгелова ұстаздық жолында әріптестердің кәсіби шеберлігін арттыру жаңа технологияларды оқу жүйесіне енгізу, дарынды балалармен жұмысты жандандыру мақсатында аудан, облыс көлемінде бірқатар маңызды семинарлар, конфенциялар, кәсіптік байқаулар ұйымдастырды. Ол оқушыларды ұқыптылыққа, шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баулып, олардың интеллектуалдық деңгейін, танымдық қызығушылығын, білім алуға ынтасын арттыру мақсатында жүйелі түрде сыныптан тыс іс-шаралар өткізіп тұрады. Сондай-ақ, шәкірттердің мектепішілік, аудандық, облыстық пән олимпиадалары мен түрлі байқауларға қатыстырып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Білікті мұғалімнің өскелең ұрпаққа білім беру жолындағы еңбегі еленбей қалған жоқ. Атап айтқанда:
2013-2014 оқу жылында «Gurmet-AB» Қоғамдық бірлестігінен «Білім беру ісінің үздігі» медалін алды. 2014-2015 оқу жылында «Нұр Отан» партиясының бағдарламалаық мақсаттары мен міндеттерін орындауға белсенді қатысқаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды. 2016- 2017 оқу жылында Төлеби ауданының әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 20172018 оқу жылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.К.Өмірәлиевтен «Алғыс хат» алды.
2018-2019 оқу жылы 5-сынып оқушысы Азирбай Мереке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен I орынды иеленді. Осы еңбегі үшін ол мадақтамамен марапатталды. 2019-2020 оқу жылы Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасынан «Білім сапасын арттырудың ғылыми тәжірибелік негіздері» тақырыбында жүргізілген эксперимент аясында шығармашыл ізденісте белсенділік танытқаны үшін арнайы марапатталды. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен «Алғыс хатымен», 2020 жыл Төлеби ауданының әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 2021 жылы Республикалық педагогтер мен дарынды балаларға арналған «Altyn tobylgy» журналында «Ұстаздан ұлағат,ұлыдан өнеге» тақырыбында жарияланған мақаласы «Үздік»деп танылды.
2021 жылы Халықаралық «Қазақстан педагогтері» ассоциациясы академиялық директоры О.Омаровтың «Алғыс хатын», 2022 жылы «ІІ Ыбырай жазулары» атты облыстық байқауда жүлделі орынды иеленді. Ал, 2024 жылы «MANQILIK EL JASTARY» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Оян қазақ» байқауға дарынды шәкірт дайындағаны үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Сәуле апайдың білім беріп, алтын ұядан түлетіп ұшырған шәкірттері – бүгінде бір-бір мамандық иелері, елді өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген азаматтар. Олардың арасында сүйікті мұғалімдеріне еліктеп, ұстаздық жолды таңдағандары да бар. Олар сүйікті ұстаздарына сәлем беру үшін мектепке жиі келіп, өздерінің жеткен жетістіктері туралы әңгімелеп, болашаққа жоспарларымен бөліседі. Білім ордасында өткен балғын балалық шақтарын, қызықты сәттерді еске алып, білім мен тәрбие бергені үшін ұстаз алдында бас иіп, алғыстарын айтады.
Сәуле Түкейқызы ұстаздық жай ғана мамандық емес, бұл жауапкершілігі зор, маңызды міндет екенін дәлелдеген педагог. Ұлағатты ұстаз – ұжымда абырой-беделге ие әріптес, шәкірттерінің сүйікті де қадірлі ұстазы, отбасында сенімді серік, аяулы ана, мейірімді әже.