Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Ұстазыма мың алғыс!» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әрі өнегелі тәлім-тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мұғалім болу – жай мамандық емес, қажырлы еңбекті талап ететін ауыр да, жауапты міндет. Ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда. Ендеше, осы үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздарымызға алғысымды айтамын. «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» дегендей, дарынды да талапты, тәрбиелі де тәлімді шәкірттеріңіз көп болсын. Болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін жасап жатқан еңбектеріңіздің берекесін көріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін!» — деді аудан әкімінің орынбасары.
Салтанатты іс-шара шеңберінде шәкірт тәрбиелеуде еселі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен, облыстық «Аmanat» партиясының, аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Ұстаздарды ұлықтауға арналған кеш соңы мерекелік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары мен оқушылар көпшілікке әсем әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірімізде педагог мамандардың кәсіби шеберлігін көтеру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы Түркістан өңірінде 83 мың педагог еңбек етеді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында биыл 100-ге жуық түркістандық мұғалім Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға жіберілді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылданды. Меморандум аясында 5 мыңдай педагог университеттің академиялық сағаттарына қатысады деп жоспарланған. Одан бөлек 60-тан астам мектеп директоры мен 200-дей директор орынбасары менеджмент бойынша шеберлігін шыңдады.