Төлеби ауданы Ленгір қаласындағы Тәуелсіздік саябағында «Ұстазыма мың алғыс» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шарада өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған мұғалімдер қауымына ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиын Құрманғазы Сағырбаевтың «Адай», «Балбырауын» күйін аудандық және қалалық саз мектептерінің қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің орындауымен басталды. Ұстаздарды мерейлі мерекесімен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев құттықтап, «Алғыс хат» табыс етті.
— Халық даналығында «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. Шәкіртінің қиялына қанат бітіріп, асыл армандарының орындалуына мүмкіндік туғызу ұстаздың борышы. Бүгінгі жетістіктерімізбен тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін жасалып жатқан, жарқын жұмыстарымыздың барлығы сіздерге, сіздердің игілікті еңбектеріңізге тікелей байланысты, — деді Сержан Дауылбайұлы.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр — ұстаздікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз — ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын, келешектің кілті. Ұстаздарды мерекесімен облыстық білім басқармасы білім беруді дамыту орталығының кафедра меңгерушісі Гүлмира Кулбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, еңбегімен дараланған мұғалімдерді марапаттады.
«Тәуелсіздік» саябағында өткен салтанатты жиын ұлағатты жандарға арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда Төлеби ауданында 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Алатау ауылдық округі, Қосағаш елді мекенінде 300 орындық, Көксәйек ауылдық округі Көксәйек елді мекенінде 600 орындық, Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінде 900 орындық мектеп ғимараттары.
Сонымен қатар, бүгінде үш «Жайлы мектептің» сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев үш білім ошағын аралап, мердігер мекеме өкілдеріне жолығып, атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалады.
Қосағаш елді мекеніндегі 300 орындық мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын «Содбис Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде білім беру мекемесіне электр жүйесін, ауыз су құбырын, газ құбырын, сымтетік желісін тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Сондай-ақ Достық елді мекеніндегі 900 орындық мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы тартылып, жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме: «Construction Group SAMRUK» ЖШС. Көксәйек елді мекеніндегі 600 орындық мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы да қарқынды жүзеге асуда.
Бүгінде Түркістан облысында 85 112 педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.