Қазығұрт ауданында ұстаздық қызметте жүрген білім саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, «Ұстазыма мың алғыс!» атты арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық білім бөлімі мен оған қарасты мектеп қызметкерлері, мұғалімдері және ардагер ұстаздар қатысты. Мерекелік іс-шара аудан басшысының мерекелік жылы лебізімен басталды.
– Сіздердің мамандықтарыңыз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты салалардың бірі. Халқымыздың Ұлы батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…» — деген жақсы сөзі бар. Шын мәнінде әр елдің болашағы жастарымен өлшенетіні ақиқат.
Алдымызда бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің бойына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу Сіздердің қолдарыңызда. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер адам болатыны тікелей тәлімгерге байланысты. Осы уақытқа дейін Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді әрі тәрбиелі ұрпақ болып келген және бұдан кейін де солай болып қалады, – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында арнайы көрмелер ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен өнерлі ұстаздар, оқушылар өз кезегінде мерекелік концерт ұсынды. Сондай-ақ, аудан әкімі қазығұрттық ұстаздарға арнайы алғыс хаттарын табыстады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 85 112 педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.