Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында “Ұстазыма мың алғыс!” атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Құрметті ұстаздар! Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге –саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын! Ұстаз – жай білім беретін мамандық иесі емес. Ол – екінші ата-ана, тәрбиенің де қайнар көзі. Бәріміз де ұстаздарға қарыздармыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздардың алдында барлық адам құрметпен бас иеді, – деген Дархан Сатыбалды білім саласында жеткен жетістіктермен де бөлісіп, елеулі еңбектің бәрі ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Өңір басшысы республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі мен 20 педагог “Құрмет грамотасын” алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.
Сондай-ақ, көпті таңқалдырған кештің кульминация тосынсыймен жалғасты. Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елден шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыс атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпаздары, өзі іскер, белсенді, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Төлеби ауданы, Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук сыйлады.
Ұстаздар қауымы көтеріңкі көңіл-күймен арнайы жайылған дастарханда қонақ болып, балалардың әзірлеген мерекелік концертін тамашалады. Өнерлі ұл-қыздар ән мен биден шашу шашты. Айта кетерлігі, Түркістан облысында жалпы 85 112 педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.
Айта кетейік, облыс әкімінің қолынан көлік кілтін алған Бастами Арғын Ержанұлы Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университетті бітірген. Оның педагогика саласында еңбек етіп келе жатқанына он жылға жуықтады. Ол 2017 жылы Астанадан Шымкенттегі №1 «Білім-инновация» ер балаларға арналған лицей-интернатына ауысып келген екен. «Шәкірттерімнің ішінде Тегістай Медет, Имамай Ерзат деген оқушыларым республикалық олимпиадаларда алтын медаль, халықаралық додаларда қола медаль иеленіп қуантқан болатын. Одан кейін оқушым Мирас Сейілханов 35 елінің жетекші университеттерінің грантын ұтып алып, мерейімізді тасытқан болатын. Бүгінде Мирас Нью-Иоркта оқуда.
Қазіргі таңда “Түркістан Білім-инновация” лицейіне ротациялық әдіспен ауысып келіп, қызмет етудемін. Өзім жетекшілік еткен сыныптағы Ислам Абдурахманов деген оқушым осы шәкіртім Мирасқа ұқсағысы келетінін айтып жүретін. Өзі сабақты жақсы оқитын. Бірнеше пәннен олимпиадаларға қатысып, қоғамдық шараларға да белсенді түрде аралатын. Тіпті, ол мектептің президенті де болды. Спорт клубтарын ашып, бірнеше еріктілер клубының жұмысын қатар алып жүрді. Шет тілдерін жақсы білетін. Өзін жан-жақты дамытқан шәкірттерімнің бірі болды. Сөйтіп, біз бітірер кезде оның портфолиосын мейлінше қалыңдаттық. Онда мектеп президенті, шахматтан чемпион, бірнеше еріктілер қозғалысында нәтижелі жұмыстарын растайтын сертификаттарды жинақтадық. Өйткені, шетелдік университеттерде талапкердің тест нәтижесінен гөрі тұлғалық дамуына көбірек мән береді. SAT-тан (шетелдік ЖОО-ға түсу үшін емтихан) жоғары балл алды, ILTS нәтижесі – 7,5 болды. Сосын ұсынымхаттарын сауатты, талапқа сай етіп жазуға тырыстық. Соның нәтидесінде, Исламға әлемнің 42 университетінен шақырту хаттар келді. Қазір ол АҚШ-тың Техас штатында НАО университетінде «Бизнес және ұйымдастыру» мамандығында оқуда, — дейді Бастами Арғын Ержанұлы.
Жалпы Бастами Арғын Ержанұлының ұстаздық жолын бастағанына көп жыл бола қойған жоқ. Десек те осынау аз уақыттың ішінде ол осындай нәтижелі еңбегінің арқасында 2018 жылы «Жылдың үздік сынып жетекшісі», «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хаттары мен және 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет граммотасымен» марапатталды.