Жақында өңіріміздегі ардагерлер Түркістанға жиналып, киелі шаһардағы жаңа ғимараттарды аралап көрді. Айталық, биыл оқу жылында ғана өз жұмысын бастаған «Білім-Инновация» лицейін аралап, білім ордасының жұмысымен танысты. Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі.
Айта кетейік, өңіріміздегі «Білім-Инновация» лицейлері соңғы уақытта үлкен жетістіктермен қуанта бастады. Мәселен, жыл басында Түркістан білім-инновация лицейінің оқушысы Нұрболат Полатханға Корея мемлекеті 100 000 АҚШ доллары көлемінде грант бөлген болатын. Ол өзінің математикадан республикалық және халықаралық олимпиадаларда алған жүлделерімен көзге түскен-ді. Нұрболат сонымен бірге, IELTS емтиханынан 7,5 ұпай және SAT емтиханынан 1 510 ұпай жинап, өзінің ағылшын тілін де жетік меңгергенін дәлелдеді. «KAIST» университеті әлем бойынша ең үздік 56 университеттің қатарына кіреді.
Түркістан білім-инновация лицейінің тағы бір 11-сынып оқушысы Абдулла Бақтияров әлем бойынша ең мықты 70 университеттің қатарына кіретін «CityU» университетінен шақырту алды. «CityU» университеті – Гонконгте орналасқан. Абдулла онда толық грантта оқитын болады. Жас түлек бұл уақытқа дейін информатика пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделерге ие болған. Оған қоса IELTS емтиханынан 7 ұпай жинаған.
Күні кеше ғана облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елден шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыс атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады.