Мектеп – әрбір адамның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Ол тек білім алудың орны ғана емес, сонымен қатар тәрбиенің негізі қаланатын орта. Мектепте балалар тек пәндік білім емес, өмірлік дағдылар мен адамгершілік қасиеттерді де бойына сіңіреді. Осы мақсатта бүгінде В.Комарова атындағы №8 жалпы орта білім беретін мектепте көптеген іс-шаралар қолға алынған. Нәтижелер де жоқ емес. Айталық, негізгі пәндер олимпиадасынан 9-11 сыныпта оқитын 17 оқушы аудандық деңгейге қатысып, 16 оқушы І, ІІ, ІІІ дәрежелі орындардан көрінді. Облыстық кезеңге жолдама алған оқушылар ағылшын және орыс тілі пәндері бойынша сайысқа түсіп, үздік нәтиже көрсетті. Оның ішінде, 2 оқушы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Жалпы қазір елімізде білім саласының дамуына барынша көңіл бөлінген. Қала мектептері мен ауыл мектептерінің арасындағы теңсіздікті жою да бүгінгі күннің басты міндетіне айналған. Ауыл мектептерін зияткерлік, қоғамдық орталық ретінде дамыту мақсаты айқын. Осы мақсатта бүгінде біздің мектебімізде көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. Соның бір нәтижесін жоғарыда айтып өттік. Тағы бір мысал келтіре кетейік. Халықаралық «IELNS» тестін тапсырған оқушымыз Сейлхан Шапағат үздік нәтиже көрсетіп, мектебіміздің мерейін асқақтата түсті. Оның ұстазы, жетекшісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Таджибаева.
Ел ертеңі болар балаларымыздың болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауының аянбай еңбек етуі керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды.
Қандай да бір табысқа жетуіміз үшін бізге білім мен ғылым қажет. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан, ұстаздар қауымына қашан да зор жауапкершілік жүктеледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы елімізде өткен педагогтер съезінде мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударып: «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді. Мемлекет басшысының бұл пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналып келеді. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті.
Бүгінде осы бағытта облыста бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Айта кетейік, Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында бүгінде 500 мыңнан астам бала білім алады. Ол республикадағы әрбір 7-ші оқушы біздің облыста деген сөз. Ал, жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданды. Бүгінде үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Осылайша ары таза мұғалімдерге қызметтік мансабын өсіруге жол ашылып отыр. Түркістан облысы республикада ең бірінші болып 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытатын болады. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика университеті де бастамаға үлес қосуға ниет білдірді. Сонымен бірге, түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда Лессон стади әдісі, АҚШ-та инклюзивті білім беру, Қытайда техникалық және кәсіптік оқыту бағыттары бойынша тәжірибе алмасып қайтқан болатын. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтпек.
Расында да бүгінде педагогтер тек пәнді ғана үйретіп қоймайды, сонымен қатар, олар балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал етеді. Сондықтан, осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс. Бұл туралы Президент өз сөзінде: «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет», – деген болатын.
Қазіргі таңда мұғалімдерге сабақ барысында жаңа технологияларды пайдалану міндеттелген. Ол үшін әрине, интернет байланысы қолжетімді болуы керек. Осы мақсатта биыл облыстағы 62 мектеп 265 арнайы пән кабинетімен жабдықталды. Интернет жылдамдығын ретке келтіру мақсатында 330 мектепке «Starlink» құрылғысы орнатылды. Бұл әсіресе, шалғайдағы және шекаралық аймақта орналасқан мектептердегі интернет мәселесіне оң әсерін тигізді. Түркістан өңірінің мектептерінде тәжірибе жүзінде қолданылып жатқан «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand», «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер арқылы проблемалардың түйіні шешілуде деуге болады.
Қорытындылай келгенде, өңіріміздегі мектептерде оқушылардың жан-жақты сапалы білім алуына жағдай жасалған. Мәселен, біздің мектепте өткен жылдың тамыз айында мектептің жылу жүйесі түгел ауыстырылды. Жеке кәсіпкер Азамат Байбосыновпен, Жақсыбек Сәрсенбековпен кездесу кештері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аудан бойынша түрлі мәдени шараларға мектеп ұжымы мен оқушылары ұдайы қатысып отырады. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық өнер байқауларында бақтарын сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, олар: Шералы Әдемі, Маханбет Нурила. Бастауыш сынып мұғалімдерінің аудан бойынша семинары ұйымдастырылып, онда біздің мектептің бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысы «Үздік» деп бағаланды. АӘДП мұғалімі А.Н.Усманов оқушыларға потриоттық сезім тәрбиелеу мақсатында «Жас сарбаз» , потриоттық әндер байқауы, ерлік сабақтары өтіп келеді. Сонымен қатар, мектеп психологы Ю.В.Шатохинаның бастауымен оқушылар арасында «Вейпсіз әлем» акциясы ұйымдастырылып, мектептің оқушылары салауатты өмір салтын қолдайтындықтарын білдірді.
Жазира КАЙБАЛДИЕВА,
В.Комаров атындағы №8 жалпы білім беретін мектептің директоры.
Арыс қаласы.