Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде жылдағы үрдіс бойынша «5 қазан — Ұстаздар күні» атап өтілді. Мерекелік кеште ауданның ұлағатты ұстаздары қызыл кілеммен жүріп өтіп, алтындай ардақты ұстаздарды қошеметпен қарсы алды.
Мерекелік шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, білім бөлімінің әдіскерлері мен оқу жүйесінің ардагерлері, ұлағатты ұстаздар мен үміт артуға лайық жас педагогтар шақырылған. Салтанатты кездесу «Ұстазыма мың алғыс» атты концерттік бағдарлама форматында өтті.
-Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жоғары кәсіпқойлықты, зор рухани күшті, даналықты, шыдамдылықты және адалдықты талап ететін игілікті еңбектеріңіз қоғамда лайықты құрметке ие. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай елін сүйетін, білімді жастардың шығарына кәміл сенеміз. Ұстаз деген ұлағатты есімді қастерлеп, Сарыағаш ауданының білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, талантты шәкірттер тәрбиелеп келесіздер. Осы орайда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосқан ұстаз – ардагерлерге ерекше алғыс айтамыз,- дей келе аудан басшысы Арман Абдуллаев ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, марапаттады.
Сонымен қатар, салтанатты шарада құрметті қонақтары ауданның атын асқақ етіп, ұлт болашағын тәрбиелеуде аянбай тер төгіп жүрген 70-тен аса ұстазды Түркістан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» , «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Еліміздің кәсіби өнерпаздары, ҚР мәдениет қайраткерлері әуезді әндерімен ұстаздарға мерекелік күй сыйлап, «Шамсинұр» би ансамблі кештің көркін қыздырды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйіне жиналған 500-ге жуық педагогқа гүл шоқтары табысталып, концерттік бағдарлама мен ұстаздардың шығармашылық жұмыстарының жетістіктері насихатталды.
Айта кетсек, ауданда жалпы білім беру ұйымдарында 6000-нан астам педагог еңбек етеді. Оның ішінде 5685 педагог мектептерде, ал мектепке дейінгі мекемелерде 600-ден аса тәрбиеші жұмыс істейді.