1994 жылдан бері әлемнің 100-ге жуық мемлекеті атап өтетін «Ұстаздар күні» мерекесі шағалалы Шардара ауданында да жоғары деңгейде өткізілді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен «Ұстаз-ұлы тұлға» атты іс-шарасына аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысты:
Салтанатты шара ауданнан шыққан даңқты түлектердің бейнеқұттықтауымен басталып, оқушылар ыстық лебіздері мен өнелерін ортаға салды. Кеште залдағы ардагер ұстаздарға гүл шоқтары үлестірілді.
«Ұстаз – ұлы ұғым. Өйткені, сөз бастайтын ақын да, ғалым да, қол бастайтын батыр да ұстаздың тәрбиесін алып, мейірім-шапағатына бөленіп өседі. Сіздер тек қана білім нәрімен сусындатушы ғана емес болашағымыздың негізін қалаушысыздар. Сондықтан, сіздерге қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар! Сіздерді барша аудан халқының атынан құттықтаймын»-деген аудан әкімі еңбегімен еленіп, білім беру ісінде толағай табыстарға жетіп жүрген ауданның ұстаздарын Алғыс хаттармен марапаттап, бірқатар ұстазға облыс әкімінің атынан келген марапаттарды да тапсырды.
Аудан әкімінің марапатынан соң «Саз» мектебінің күйшілері өнерлерін паш етті.
Шара барысында облыстық білім басқармасы, министірліктен келген өкілдер құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше ұстазды «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, бірқатар ұстаздар аудандық мәслихат төрағасы, «Amanat» партиясының марапаттарына ие болып, құрметке бөленді.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздары, ұстаздар мен мектеп оқушыларының мерекелік концертімен қорытындыланды.