Арыста ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай «Ұстаз жолы – ұлы жол» атты салтанатты шара өтті. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық білім бөлімі басшысы Әшімхан Момбеков, білім саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен ұстаздар және өнерпаз оқушылар қатысты. Ұстаздарды ұлықтауға арналған шара аясында өнертапқыш мектеп оқушыларының төл туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ол жерде ұлттық ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық шаруашылық заттар мен құрал-жабдықтар жұртшылық назарына ұсынылды. Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мереке иелеріне жүрекжарды тілегін білдіріп, білім саласында табысты еңбек еткен бірқатар ұстазға Алғыс хаттар мен ҚР Оқу — ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті. Шарада білім бөлімі басшышсы Әшімхан Момбеков те бірнеше мұғалімді марапаттап, мерейін үстем етті. Мұғалімдерге Түркістан облысы әкімінің марапаты мен білім және ғылым министрлігінің, Арыс қалалық мәслихатының «Құрмет грамотасы», Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Алғыс хаты», Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, облыстық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподақ комитетінің арнайы төсбелгісі табыс етілді. Шара асында Алматы қаласында өткен Халықаралық би жанры бойынша II-орын жүлдегерлері атанған №4 бастауыш мектебінің «Айжұлдыз» би тобы өз өнерлерін паш етті. С. Адамбеков мектеп оқушыларының ұстаздарға мерейлі мерекеде жүректен шыққан жыр жолдарын ұсынды. Ал,«Алтын тұмар» балабақшасының тәрбиеленушілері «Кесте» биін орындап, көрермен ықыласына бөленді.