Бүгін аудандық мәдениет сарайында ұлағатты ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Шараның ашылуында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы барша педагогтарды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ұстаздардың еңбекқорлығы мен жаңашылдығын атап өтіп, олардың болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жоғары екендігін жеткізді.
Аудан өнерпаздары көпшілікті есік алдынан музыкалық композициямен қарсы алып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара барысында балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Мерекенің қызықты сәттерінің бірі — мектеп басшылары мен аудан әдіскерлерінің сахнада ән шырқауы болды.
Шара барысында мұғалімдерге арналған арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді. Облыстық білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Төлімбет, Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Серік Пахымбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев үздік ұстаздар мен білім саласында ерекше жетістіктерге жеткен педагогтарды марапаттады. Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Е.Қасым еңбегі сіңген ұстаздарды марапаттап, төсбелгі тақты.
Мұғалімдер күні — қоғамдағы білімнің және тәрбиенің негізі болып табылатын ұстаздарды құрметтеу күні. Бүгінгі өткен бұл шара ұстаздардың еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
Мерекелік жиын одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, шараға қатысушылар ерекше тебіреніспен айтылған әндерді қосыла шырқап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.