Шардара ауданында бүгінде 84 264 адам тұрады. Аудан 1 283,2 мың гектар аумақты алып жатыр. Ауданның құрамына 1 қала және 10 ауылдық округі, жалпы 25 елді мекен кіреді. Ауданда 2022 жылы құны 412,1 млн.теңгені құрайтын 5 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 1-і пайдалануға берілсе, 4 нысан 2023 жылға өтпелі болған еді. Қазіргі осы нысандарда атқарылған жұмыстардың барысы жайлы толығырақ айта кетейік. Мәселен, «Шардара қаласы судан құтқару бекеті ғимаратының құрылысы» нысан 2022 жылдың қыркүйек айында пайдалануға тапсырылды. Конкурстық құны – 22,8 млн. теңге. Ал, «Қоссейіт елді мекеніне инженерлік инфрақұрылымының құрылысы (Сумен жабдықтау және электр желілерінің құрылысы 2 нысан)» нысаны биыл мамыр айында пайдалануға тапсырылатын болады. Қазір мұнда тиісті жұмыстар атқарылуда. Жобаның конкурстық құны – 69,1 млн. теңге.
«Ұзын-Ата ауылдық округі, Сапарова көшесі, № 20 мекенжайы бойынша әкімшілік ғимараттың құрылысы» нысаны ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілетін болады. Жобаның конкурстық құны – 117,2 млн. теңге. Сонымен қатар, «Шардара қаласы 4-ші мөлтек ауданына инженерлік инфрақұрылым құрылысы (су желісі 2-кезең)» нысаны осы жылдың мамыр айында ел игілігіне тапсырылатын болады. Жобаның конкурстық құны – 203,0 млн. теңге.
Ал, ағымдағы жылы құны 278,1 млн.теңгені құрайтын «Шардара қаласы 4-ші мөлтек ауданына инженерлік инфрақұрылым құрылысы (су желісі 3-кезең)» нысанының құрылысы жүргізілуде.
Реті келгенде айта кетейік, Шардара ауданында бүгінде 25 елді мекеннің 18-і ауыз сумен қамтылған. Ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 95,97% пайызды құрап отыр. 7 елді мекеннің экономикалық жағынан тиімсіз болып танылған. Атап айтар болсақ, олар: Пішентөбе, Құйған, Бағыскөл — Қуанқұдық, Бозай, Беймырза, Шабырлы елді мекендері.
Бүгінде өңірде Ұлттық қор есебінен «Қызылқұм ауылының ауыз су беру торабы құрылысы» жүргізілуде. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Жоба аяқталған кезде аудан бойынша құбыр суымен қамтылған халықтың үлесі 98 пайызды құрайтын болады.
Қазіргі таңда Шардар қаласының тұрғындары ауыз суды Шардара су қоймасынан (ашық көзден) пайдаланады. Жылдың шілде-қыркүйек айларында су қоймадағы судың деңгейі төмендеп, сапасы мүлдем нашарлайды. Мәселені шешу үшін Шардара қаласынан 30 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті, су сапасы сынақтан өткен, «Тама» ұңғымасы жер асты суы анықталды. Жергілікті бюджет есебінен 30 млн. теңгеге ЖСҚ-ы мен ТЭН-і дайындалды. Жоба құны шамамен 15 млрд. теңгені құрайды. Сала мамандары бүгінде сараптама қорытындысын алу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтуда. Сараптама қорытындысы алынған соң қаржыландыру үшін салалық басқармаларға ұсынылатын болады.
Жалпы Түркістан облысында таза ауыз су жеткізу экономикалық жағынан алғанда тиімсіз елді мекендер көп. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұлкөрсеткіш 86,5 пайыздықұрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. Теңге бөлінді. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады.
Осындай шаралардың нәтижесінде су құбырыжоқ 17 елді мекен тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында орналасқан. Сонымен қатар 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары ауыстырылмақ. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыста ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер де баршылық. Мәселен, Бәйдібекте де 5 елдімекен шалғайда орналасқан. Әрі онда халық саны аз. Олар – Қызылжар, Үсіктас, Шұқыршақ, Байжансай, Нұра елді мекендері. Сондықтан аталған елді мекендерге ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сала мамандары мұндай ауылдардағы халықты жерасты суын тазартатын кешенді блок-модульдік қондырғылар орнату арқылы ауызсу мен қамту көзделіп отырғанын айтады. Бұл шаралар да Түркістан облысының 2022-2025 жылдарға арналған елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес атқарылатын болады.
Сонымен қатар, Арысқаласында32 елдімекеннің 25-і ғана таза ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, шалғайда орналасқан 7 елді мекен тұрғындары құдық суын тұтынып отыр. Бұл елді мекендерге ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, мұндағы тұрғындар үшін блок-модуль кешені орнатылмақ. Ал, Келес ауданына қарасты 83 елді мекеннің 57-сі ғана тіршілік нәріне қол жеткізген. Бұл өңірде су тарту экономикалық жағынан тиімсіз 7 елді мекен бар. Атап айтар болсақ, олар: Тартоғай, Шолантөбе, Мәдениет, Қосөткел, Коммунизм, Құрөзек, Байғабыл ауылдарында тұрғындардың саны аз болғандықтан, мұнда су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып табылған.
Реті келгенде айта кетейік, бүгінде Шардара қаласы тұрғындарының 27 пайызы кәріз жүйелерімен қамтылған. Қазір қолданыстағы канализция желінің ұзындығы 36 шақырымды құрайды. Шардара қаласын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында құны 906,9 млн.теңгені құрайтын қаланың Қызылжар, Майқала, Абай, Ақбала шағын аудандарының кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген соң қала тұрғындарының 51 пайызы сарқынды су желісімен қамтылатын болады. Бұл дегеніміз, қосымша 31 шақырым желі іске қосылады.Алдағы 2024-2026 жылдары Шардара қалсының тұрғындары толықтай сарқынды су желісімен қамтылатын болады. Оған былтыр қазынадан 486,7 млн.теңге бөлінсе, биыл 420,2 млн.теңге қаралған.