Арыс қаласында инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірде алдағы бес жылда 93 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, 1209 жұмыс орны құрылмақ. Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, биылдың өзінде 30,4 млрд.теңгеге жуық қаржыға 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 256 адамды жұмыспен қамту көзделген.
– Биыл жүзеге асатын жарқын жобалар ішінде «Turkistan Agro KZ» ЖШС «Жаңбырлатып суару және мал бордақылау алаңы» жобасын айтуға болады. 50 мың ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің жалпы құны — 8,7 млрд теңге. Биыл, бірінші кезеңде 25 мыңға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен толық іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, ірі қара малды азықпен (жем, шөп) қамтамасыз ету үшін 3000 га аумаққа жаңбырлатып суару әдісімен өнім алуға тағы 8 млрд теңге инвестиция салынбақ. Бүгінгі таңда, мал бордақылау алаңына қажетті инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында 54 шақырымға жоғары кернеулі электр жарығы тартылған, — деді Гүлжан Мамытқызы.
Брифингте белгілі болғандай, өңірде жүзеге асар маңызды жобаның бірі — «Mega-Agat» зауыты. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт жобасының құны 500 млн теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы — 300,0 тонна поливинилхлорид түйіршіктерін өндіру. Одан бөлек, кәріз жүйелеріне арналған пластикалық құбырлар мен үй құрылысына арналған бұйымдар шығаратын зауыт жобасының жалпы құны — 800 мың АҚШ долларды құрайды. Қуаттылығы тәулігіне 2500 метр пластик құбырларын шығарады.
Сонымен қатар, «Mega-Agat» серіктестігі келесі бір ауқымды жоба құрылысын бастады. Ол – Арыс қаласындағы транспорттық-логистикалық орталық жобасы. Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру. 6 гектар аумақта орналасқан нысанның көлемі 15 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Ал, қалған 12000 шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналған қойма. Сонымен қатар, құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Гүлжан Мамытқызының баяндауынша, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясы, Ханжоу қаласында Қазақстанның «MEGA-AGAT» ЖШС және қытайлық «Чжэцзян Навэс Индустри энд трэйд КО ЛТД» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында 10 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция арқылы радиаторлар, газ қазандықтары, жылы еденге арналған коллекторлар өндірісі жүзеге асырылады.
Жалпы, алдағы 5 жыл ішінде Арыс қаласында өңдеу өнеркәсіп саласы бойынша — 10, машина жасау — 1, транспорт логистика – 1, туризм саласы — 2, білім саласы — 9, агроөнеркәсіп саласы — 16, балық өсіру – 4 инвест жоба жүзеге асырылмақ.