Сарыағашта кәріз тазарту қондырғысының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жақында аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласында жүргізіліп жатқан кәріздік тазарту қондырғысының құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі тиісті бөлім басшысы мен мердігер мекеме өкіліне құрылысты жүйелі түрде жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды.
— Құрылыс жұмыстарына екі тарап та үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Себебі алдағы уақытта қаланың дамуын ескеретін болсақ, көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесіндегі мәселелерді шешуде нысанның орны маңызды. Сондықтан, құрылыс жұмыстары барысында ұсақ-түйектің бәрі ескерілуі қажет. Нысанның құрылысына жергілікті тұрғындарды тартып, жұмыс күшін көбейту маңызды,-деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Кәріздік тазарту қондырғысын салу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Бүгінгі таңда нысанның аумағын қоршау, кәріздік тазарту қондырғысының негізін дайындауға бетон құю, 6 дана сарқынды суларды жинауға арналған биологиялық тоғандарды дайындау құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.
Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдаған болатын.
– Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Сондықтан жауапты басқармалармен бірлесіп, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Аудан әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаған. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. «Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек. Сары-ағаш – көрші мемлекетпен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол. Бірақ, тамақ өнімдерін өндіру, туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі бойынша жоспарлар былтыр орындалмаған. Елді мекендердің айналасы күл-қоқысқа тола. Тазалық бойынша жұмыс күшейтілсін. Тазалық болған жерде – талап болады. Арман Айдарұлы, сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз. Ауданды дамыту жоспарын назарда ұстап, инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе қажетті шараларды қабылдаңыз, – деген еді облыс әкімі.
Сол жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 72,5 пайызға, туризм саласына тартылған инвестиция 71,1 пайызға ғана орындалды. Егін шаруашылығының нақты көлем индексі 14,6 пайызға кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмаған. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Сарыағаш ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
Облыс әкімі аудандардағы ішкі жолдарды стандарттауды, бірыңғай талапқа сай салуды жүктеді. Сапасын арттыруды міндеттеді. Бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырма берілді. Сарыағаш ауданында 1125 салық салу нысаны мүліктерін 5 млрд. 824 млн. теңгеге бағалаған. Бірақ, аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 85 млрд. теңгені құрап отыр, яғни 17 есе жоғары. Бұл – салықтың төмендеуіне әкеліп соғуда. Ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жер дауларын шешу және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелген-ді. Қазіргі таңда ауданда осы бағыттар бойынша атқарылып жатқан тындырымды тірліктер көп.
Айталық, Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекенінің тұрғыны электр желілері жүргізілмей қалған бір тұрғын үйдің мәселесін қарауды сұраған еді. Мәселенің түйіні шешіліп, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жаңадан электр бағанасы орнатылып, іске қосылды. Сонымен қатар, кездесуде Сарыағаш қаласы, Ш.Гүлзары көшесіндегі №3 мекенжайда орналасқан жатақхана тұрғынының қиын жағдайы туралы айтылған болатын. Аудан әкімі жатақханаға арнайы барып, тұрғын үй комиссиясының көшпелі жиынын өткізді. Нәтижесінде, тұрғындармен келісімге келе отырып, аз қамтылған бір отбасы үш бөлмелі пәтерге қоныс аударды.
Ал, алдағы маусым айында 585 пәтерлі 13 көпқабатты тұрғын үй 600-ге жуық баспанаға мұқтаж отбасыларға берілмек.