Төлеби ауданында жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу мақсатында жаңа массивтерге инженерлік-коммуникация жүйелері тартылуда. Қазіргі таңда 44250 азамат жер телімінде кезекте тұрған. Ауданға қарасты 5 елді мекеннің (Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр,Қаратөбе, Қайнар) инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын жүргізуге 248 млн. теңге қаржы бөлінді.
Бірінші Мамыр елді мекеніндегі жаңа массивтерге 16,4 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 92 дана құдық қойылды. 278 электр бағанасы орнатылып, 8,1 шақырым электр желілелері жүргізілді. Аталған массивті табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында 8,781 шақырым газ құбыры тартылып, екі есептегіш құралымен 133 дана, бір счетчикті 22 ШРП орнатылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 255 отбасына жер телімі үлестіріледі.
Сонымен қатар Қаратөбе елді мекеніндегі жаңа массивтен 302 жер телімі бөлінеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ауыз су құбырлары жүргізіліп, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қайнар елді мекеніндегі жаңа массивке 12,4 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 65 дана құдық қазылды. Қазіргі уақытта электр жүйелері жүргізіліп, табиғи газ құбырларын тарту үшін конкурс өткізілуде. Жаңа массивтен 165 отбасына жер телімі бөлу жоспарлануда. Көксәйек елді мекеніндегі жаңа массив арқылы 170 жер телімі беріледі деп күтілуде. Аталған массивке ауыз су, электр жүйелері тартылып, 2,4 шақырым орташа қысымды газ құбыры жүргізілді.
Бұдан бөлек, Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы жаңа массивті электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 850 дана электр бағанасы орнатылып, 9 дана трансформатор қойылады. Қазіргі таңда автокөлік жолдарының құрылысын жүргізуге, ауыз су құбырларын тартуға конкурс ұйымдастырылуда. Қажетті инфрақұрылым құрылыстары аяқталғаннан кейін 1030 отбасына жер телімін үлестіру көзделуде.
Айта кетейік, тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімін алу үшін еGov.kz порталы арқылы кезекке тұру мүмкіндігі қарастырылған. Кәмелетке толған әрбір қазақстандық 10 соттық жерге онлайн арқылы өтінім беріп, өз кезегін қадағалай алады.