2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл қалай жүргізіледі және дамыған елдерде мұндай тәжірибе бар ма?
Дамыған елдерде (Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия) кең таралған ұжымдық (корпоративтік) зейнетақы жоспарлары аясында қызметкер мен жұмыс беруші қызметкердің зейнетақы шотына бірлескен жарналарды аударады, яғни жұмыс беруші өз қызметкерлерінің зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін бөліседі.
Жұмыс берушінің тарапынан қызметкердің пайдасына аударылатын жарна меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жұмыс берушілер бұл мүмкіндікті жұмысшылардың адалдығын арттыру, негізгі кадрларды тарту және ұстап қалу құралы ретінде және жұмысшылардың зейнетке шыққаннан кейінгі зейнетақы табысының жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланады. Қазақстандағы жаңа зейнетақы жүйесінің қатысушыларыболып жұмыс берушілер пайдасына жұмыскерлердің ай сайынғы кірістерінен есептелген және жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен БЖЗҚ-дағы дербестендірілген шартты зейнетақы шоттарына (бұдан әрі – ШЗШ) жұмыс берушіміндетті зейнетақы жарналарын аударып отыратын жұмыскерлер есептелетін болады.
БЖЗҚ-да ЖМЗЖ есепке алынатын ШЗШ ашу ЖМЗЖ аудару кезінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы агент БЖЗҚ-ға ұсынатын жеке тұлғалардың тізімі негізінде жүзеге асырылатын болады. Әрбір жүйеге қатысушы үшін ШЗШ ашу жеке тұлғалардың тізімдерін қабылдаған күні, жеке тұлғаның пайдасына алғашқы жарна немесе өсімпұл түскен кезде ШЗШ бірегей нөмірін бере отырып,автоматты режимде көзделеді.
Сонымен қатар, ЖМЗЖ-ны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап — 1,5 пайыз мөлшерінде, 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 пайызға жеткенге дейін жыл сайын 1 пайызға ұлғайта отырып, кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.
ЖМЗЖ-ны кезең-кезеңімен енгізу жұмыс берушіге жүктемені жұмсартуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, ЖМЗЖ 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған жұмысшылар үшін ғана жүзеге асырылатын болады.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алуға зейнет жасына толған адамдар, сондай-ақ, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, ЖМЗЖ жүйесіне қатысу өтілі кемінде 5 жыл (60 ай) болғанда құқылы болады.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойына тағайындалады, ағымдағы ай үшін төленеді және қайтыс болған айға немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен айға дейін жүзеге асырылады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен айырмашылығы – шартты-жинақтаушы құрамдауыштағы ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мұрагерлікке жатпайды (өйткені, олар қызметкер мен жұмыс берушінің меншігі болып табылмайды). Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) БЖЗҚ-дан емделуге ақы төлеу үшін БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде алуға да болмайды, ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына да аударылмайды, сондай-ақ, оларға зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылмайды.
Үкімет ЖМЗЖ енгізумен қатар әлеуметтік төлемдер мен салықтық жеңілдіктерді төмендету есебінен жұмыс берушінің еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту мүмкіндігін қарастыруда. Жалпы ЖМЗЖ енгізіле отырып, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілік мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасында бөлінетін болады.