Сарыағаш ауданында астық ору науқаны басталып кетті. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын жандандыра түскен.
Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар жиналған алтын астықты қамбаға құю үстінде.
Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніне арнайы барып, астық ору науқанымен танысты. Аудан басшысы дәнді дақыл егумен айналысатын «Дарбаза» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұрғанын атап өтті. «Дарбаза» ЖШС-і биыл 2000 гектар жерге бидай егіп, гектарына 20-25 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.
Жалпы ауданның 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес, биыл 71 500 га жерге егін егу межеленді. Бүгінгі күнге 71 501 га жер толығымен игерілді.
Жалпы егіс көлемінің 42803 жеріне астық дақылдары себілген. Қазіргі таңда 1876 тонна өнім жиналды. Оның ішінде 896 тонна бидай және 980 тонна арпа. Өнімділік гектарына 20-25 центнерден алынып жатыр.
Ал, 2022 жылы жалпы 42637 гектарға астық дақылдары егіліп, жалпы 63186 тонна өнім жинап алынды. Өнімділік гектарына — 15-17 центнер.