Төлеби ауданында биыл жалпы 1268, 9 млн. теңгеге 66,7 шақырымды құрайтын 59 көше жөндеуден өтеді. Оның ішінде, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 835,6 млн. теңгеге 38,4 шақырымды құрайтын 29 көше, аудан бюджеті есебінен 433,9 млн. теңгеге 28,5 шақырымды құрайтын 30 көше орта жөндеуден өтпек.
Қазіргі таңда Аққұм ауылдық округіндегі Әли ата, Қасқасу ауылдық округіндегі Қуандық және О.Тәжібайұлы, Алатау ауылдық округіндегі М.Махатаев, Көсәйек ауылдық округіндегі Төлеби көшелерін жөндеуден өткізу үшін конкурс қорытындысы алынып, мердігер мекемемен келісім-шарт түзу жұмыстары басталды. Қалған жолдарды жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу порталында конкурс өткізіліп жатыр.
2023 жылдың қорытындысымен облыстық маңызы бар жолдарды 99,5%-ға, аудандық маңызы бар жолдарды 90,3%-ға, елді мекендердің ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайын 80,1%-ға жеткізу жоспарлануда.
Осы жылы аудан аумағында жалпы көшелерді абаттандыру, аяқжол салу, елді мекеннің атауы жазылған арка орнату және заманауи балалар ойын алаңшасын салу бойынша 180156,0 мың теңгеге 12 нысанның құрылысы жүргізіледі. Бүгінде Ленгір қаласы, Төлеби көшесінен Аманкелді көшесіне дейінгі аралыққа, Төлеби көшесіне, І мөлтек ауданындағы 230 метр жерге аяқжол салу жұмыстары қарқын алды. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Төле би көшесінің бойындағы екі қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, жолдың сапасын Ұлттық сапа орталығы бақылауға алып отыр.