Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде Төлеби ауданында 1000 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр станцияның құрылысы басталады. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асыруда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Төлеби ауданынан 100 га жер бөлінді. Жаңа жобаның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылады. Ал жоба толық іске қосылғанда, 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысы базасында электр станциясы негізгі алаңын салу жобасы бойынша «дайын күйінде тапсыру» кешенді жұмыстарды сатып алуға ашық тендер өткізу қорытындысы бойынша Doosan ENTERBILITY CO. LTD LTD және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы жеңімпаз деп танылды. Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС жүргізеді. Газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалған.
Жаңа электр орталығы іске қосылған жағдайда, өңірдегі энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде.
Айта кетейік, бу-газ қондырғылы электростанцияның бірқатар артықшылықтары бар. Бұл қондырғылар өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын дайындайды. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.