Өзбекстан инвесторлары Түркістан өңіріне 5 млрд. теңге инвестиция құймақ. Көрші ел кәсіпкерлері мақта өңдеу, тері өңдеу, жеңіл өнеркәсіп саласында жобалар ұсынды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндігімен танысуға келген Өзбекстанның «Узчармсаноат», «Узтекстильпром» бірлестіктерінің 50-ден астам өкілімен кездесті. Өзбекстандық делегация өкілдері Түркістан облысымен екіжақты тығыз байланыс орнатуға ниетті. Көрші елден келген инвесторлар мен бизнес өкілдеріне өзара ынтымақтастықтың тиімді тұстары ұсынылды. Кездесуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков қатысты.
Сонымен қатар ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия институты» АҚ өкілдері инвесторларға ұсынылатын қолдаулар мен жеңілдіктер жайлы айтып өтті. Мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп кешенін бірлесе отырып дамыту мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалып, «Орталық Азия» ХӨКО құруды жеделдету жөніндегі жол картасына қол қойған болатын. Осы мақсатта делегация өкілдері екіжақты бірлескен жобалар жасап, серіктестік құру, сонымен қатар, өнімдерді экспорттау ісінде, текстиль өндірісін дамытуда екіжақты тәжірибе алмасу мәселелерін ортаға салды.
Кездесу барысында Түркістан облысыынң инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау мен ұсынылатын жеңілдіктер туралы талқыланды.
– Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Өз кезегінде облыс әкімдігі, жаңа бастамаларға және тәжірибе алмасуға толықтай қолдау көрсетуге дайын. Бауырлас ел ретінде бізде бюрократиялық кедергілер болмау керек. Тікелей, кез-келген уақытта бір-бірімізге хабарласа аламыз. Сонда тірлік те өнеді. Нәтиже де көп күттірмейді. Бірлескен жобаларды жан-жақты қолдаймыз. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Алдағы уақытта бірлескен жобалар іске асырылып, облыс экономикасын дамытудың драйвері болады деп сенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің кеңесшісі Алимов Отабек Түркістан облысымен тығыз байланысты одан әрі жандандыруға ниетті екенін жеткізді.
– Қазақстан және Өзбекстанның кәсіпорындары мен компаниялары арасындағы бизнес ынтымақтастықты кеңейту және жандандыру бойынша бірлескен күшіміз бүгінде екі елдің әлеуетін ашу үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Сондай-ақ сауда айналымының ұлғаюы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа тарихи кезеңіне айналып, құрал-жабдықтар мен халыққа қажетті сапалы өнімдерді жеткізу жеделдетілуде. Сауда қарқынды дамып келеді. Ал кооперациялар жаңа бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Соңғы 5 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге ұлғайды. Оның ішінде Қазақстан экспортының көлемі Өзбекстанға қарағанда үш есе көп десек болады. Екі ел Президенттері осы көрсеткішті екі есе көбейтуді міндеттеп отыр. Екі жыл ішінде біз осы көрсеткішке жетуге бірге жұмыс істеуіміз керек. Өздеріңіз айтқандай, өңіраралық көрмелер, жәрмеңкелер, форумдар мен мәдени іс-шараларды жиі өткізіп отыруды ұсынамын, – деді Өзбекстан елінің делегация өкілі.
Кездесуде «Turkistan» индустриалды аймағы мен Арнайы экономикалық аймағы жайлы ақпарат берілді. Айта кетерлігі, индустриалды аймақта инфрақұрылыммен қамтылған дайын жерлер мен дайын өндіріс алаңдары салынған. Кәсіпкерлер аумақтағы жерді сатып алу, жалға алу немесе бөліп төлеу арқылы кәсібін жүргізе алады.
Өзара ынтымақтастықтың арқасында Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы 445,7 млн. АҚШ долларын құрап, 32% — ға өсті.