Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің ашық алаңда тұрғындармен кездесуі Отырар секторында жалғасты.
Отырар секторында өткен сәуір айындағы басқосуда 103 тапсырма жүктелген болатын. Оның 83-і орындалды, 20 тапсырма аясында жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінде аталған секторда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Секторға қарасты 11 көшеге тас (15 шқ), 2 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ, 5 шақырымды құрайтын 4 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып, мөлтек ауданда 45 аялдама жасақталды. № 6, 10 бағыттағы автобустар жаңартылып, №17, №20 жаңа бағыттары іске қосылды.
Одан бөлек, инфрақұрылым саласы бойынша арнайы дайындалған жобалар жүйелі жүзеге асып келеді. Бүгінде аталған секторға 25 шақырымға созылған кәріз жүйесі тартылып жатыр. Жарық саласына келер болсақ, 10 жаңа трансформатор ауыстырылып, тағы қосымша 10 трансформатор ауыстыру жоспарланып отыр. Жоспар бойынша аталған секторда 2000 орындықты «Жайлы мектеп» құрылысы басталмақ.
Жиын соңында қала әкімі тұрғындармен бірқатар мәселелерді талқылап, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері бойынша бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ қала әкімі Яссы секторы тұрғындарының өтініштерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Тұрғындардың сауалдарының көпшілігі кәріз жүйесі жайында болды.
«Яссы» мөлтек ауданында бүгінде 180 шақырым кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда, 86% жұмысы аяқталған. Сектордағы жобадан тыс қалған жеке тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз етуде құрылыс жобасының 75% жұмысы атқарылған.
Жол саласы бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асқан. Атап айтқанда, 21 шақырым құрайтын 23 көшеге тас, 5 (6,3 шқ) көшеге асфальт төселді. Одан бөлек, 64 көшеге жарықшамдар орнатылып, 4,4 шақырымды 5 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды. Сондай-ақ, №6, 10 бағыттағы автобустар жаңартылып, №17, №20 жаңа бағыттары іске қосылды. Жыл соңына дейін, тағы жаңа №16 бағыты ашылмақ.
Жалпы, қала әкімінің Яссы секторындағы кездесуінде 84 мәселе көтеріліп, оның 65-і орындалды. Қалған өтініштер орындалу үстінде.