Ескек есуден Түркістан облысының құрама командасы Қазақстанның үш чемпионатының қорытындысы бойынша медаль саны бойынша өзгелерден оқ бойы озып, бірінші орынды жеңіп алды. Дәлірек айтсақ, Теміртау қаласында ересектер арасында, 23 жасқа дейін және 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы ел чемпионатында үлкен жүлде айырмашылығымен топ жарды.
Қайықтардың әр түрі мен жарыс бағдарламаларында облыс ескекшілері 88 медаль еншіледі. Оның ішінде 36 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль жеңіп алды. Осы арқылы Қарағанды, Астана, БҚО және Павлодарлық қарсыластарынан басым түсті.
Ерлер мен әйелдер арасында әртүрлі жас санаттарында Бекбембетов Қуаныш, Чернухин Иван, Керімбек Әділет, Галкин Владислав, Яковлев Владислав, Афанасьев Александр, Цатышаев Байсангур, Жакупова Мелани, Кеңес Роза, Айдарова Айлин, Тиляева Нурия, Носкова Екатерина және Полянина Анжела алтын медаль олжалады.
Қазіргі таңда Түркістан облысының ескекшілері 10-14 шілде аралығында өтетін ҚР командалық чемпионатына дайындалуда. Осы сында топ жарғандар Жазғы Азия ойындарына жолдама алмақ.