Сайрам ауданының әкімі А.Сәбитов Көлкент ауылдық округінің әкімі У.Юлдашевті қабылдап, ауыл округінде ағымдағы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстары мен өзекті мәселелері тыңдады. Олардың ішінде бюджет қаржыларының игерілуі, жол жөндеу, көшені жарықтандыру, ауыз су құрылыстарын жүргізу, санитарлық тазалық сақтау секілді мәселелер айтылды.
Сонымен қатар, Көлкент, Қосбұлақ және М.Оразалиев елді мекендеріне қарасты жаңақұрылыс аумақтарын инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету, тозығы жеткен электр бағаналары мен ауыз су құбырларын ауыстыру, орталықтандырылған ауыз су жүйесін жүргізу, жол жөндеу, құрылыс нысандарына қаржы қарастыру мәселелері талқыланды.
Аудан басшысы Арман Сәбитов қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру бағытында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сонымен қатар тұрғын үй құрылыстары үшін берілетін жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелерін жүргізудің қажеттіліктерін тапсырды.
Айта кетейік, бүгінде облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады.
Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, өткен жылы 2 нысан пайдалануға берілді. Олардың бірі — «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы (Сыйымдылығы 18 млн. м3). Нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік берді.Сондай-ақ, Түркістан магистральды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 млн. текше метр су үнемделді.Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Өңірде каналдарды тазалау, жөндеу жұмыстары тұрақты жалғасуда.