Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Камилжан Абдилахатовтың мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне заңсыз құрылыстарды жүргізген азаматтардың тұрғын үйлері мен жер учаскелері заңдастырылып, биылғы жылы құжаттары рәсімделіп, иелеріне табысталуда. Келесі кезекте тұрғындарды табиғи газбен, ауыз су және электр жүйелерімен тұрақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ ішкі көшелердің жолдарын жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы қарастыру қажеттігі туып отыр.
Таяуда аудан әкімі Арман Сәбитов сала басшыларымен өзекті мәселелерді қарап, тиісті тапсырмаларды орындауға жүктеді. Атап айтқанда, аудан әкімі аппаратына кейбір тапсырмалардың орындалуына байланысты бақылаудан алу мәселесі ескертілді. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бахром Моминжановқа барлық ауылдық округінің кіреберістерінде орнатылған ауыл белгілерін біркелкі болуы және абаттандыру үшін эскиздік жобаларын дайындап, ұсыну бойынша тапсырма берді. Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының басшысы Баймурза Бейсембаевқа ауыз су құрылыстарының жобалары мемлекеттік сараптамадан қысқа мерзімде өтуіне әрекет жасауды тапсырды.Ал, ауылдық округінің әкіміне ауылдық мәдениет үйін жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастырудың қажеттілігін жеткізді.
Ақсукент ауыл округінде де ауылдағы ауыз судың уақтылы берілуі, электр бағаналарын ауыстыру, Жібек жолы мен Абылай хан көшелерін абаттандыру, Орталық саябақты халықтың демалатын, бала-шағасымен бірге қыдыратын орнына айналдыру өзекті. Аудан басшысы А.Сәбитұлы аудан орталығының ажары мен абаттандыру мәселелері күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізіп, бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кетейік, биылдан бастап өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі таңда сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Оның ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.
Одан бөлек, биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.