Кентау қаласында 4-5 сәуір күндері қатты дауыл тұрып, соның салдарынан қаладағы бірқатар нысанның шатыры құлаған болатын. Табиғаттың осын мінезінен талдар сынып, жарық бағаналарына зақым келген еді. Қала әкімі Жандос Тасов дауылды желдің салдарынан орын алған жайттарды қалыпқа келтіру бойынша тиісті салаларға тапсырма берді. Қазіргі таңда қалада дауылдан соң қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Сала мамандары бірінші кезекте қатты соққан желдің салдарынан зақымдалған нысандар мен істен шыққан жарық шамдарды, электр бағаналарын ретке келтіруде. Қазір қалада барлық бағыттар бойынша жолдар ашылып, көлік қатынастары реттелді. Тазалық жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыстар шығарылуда.
— Дауыл соға бастағаннан сыртқа шықпауға тырысамыз. Қажет болса, тек базарға және азық-түлік дүкеніне барамыз. Ғимараттардан аулақ жүруге тырысамыз. Балаларды үйден мүлдем шығармаймыз. Себебі қорқамыз, – дейді қала тұрғыны Тұрар Омаров.
Ал, кентаулық Несібелі Хуанасова:
— Балаларым үйде ұйықтап жатқан. Бір баламды тамақтандырып жатқанмын. Кенеттен қатты дауыс соға бастады. Шатырдың бір бөлігі үйге, екіншісі шатырға құлады. Терезелер сынды. Балалар қорыққаннан аулаға жүгірді. Ал ол жақта тіпті қорқынышты болды, – деді.