Кентау қаласы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболованың төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті.
Жиынға кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, ата-аналар, ұстаздар қатысты. Күн тәртібінде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтар жайында Қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлім бастығы Жанболат Ахметов баяндама жасады. Оқушылардың жазғы сауықтыру жұмысын ұйымдастыру туралы қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы мәлімет берді.
— Дүниеде ең қымбат байлық ол бала. Баланың өмірі, амандығы бізге бәрінен қымбат. Олардың қауіпсіздігі бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігінде. Сол үшін жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударғандарыңыз жөн. Жиынның да мақсаты осы, — деген Ақнұр Нұралықызы ата-аналарды балалармен жүрген кезде сақтық шараларын қатаң қадағалауға шақырды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың жоспары талқыланды. Сонымен қоса, жауапты бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді
Орайы келгенде айта кетейік, биыл облыста 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерьлернде демалады деп жоспарланған болатын. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін барады. «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 1050 бала республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде сауықтырылады делінген.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, қала сыртындағы лагерьлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, мектептер жанынан бір мезгіл тамақпен қамтитын 330 лагерь ашылды. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына қатысуда. Облыста биыл 17 жазғы сауықтыру лагері (7 – мемлекеттік, 10 – жекеменшік) қызмет көрсетуде.
Жазғы сауықтыру лагерьлерінде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтау, сондай-ақ, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шаралар көбейтілген. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларсауықтырумен, жазғы демалыспен барынша қамтылуда. Бұған ірі кәсіпорындар мен бизнес өкілдерін тарту көзделген-ді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осыған орай барлық лагерьге полиция қызметкерлерін бекітіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізілуде. Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерьлерінде санитарлық талаптардың сақталуы да қадағалауда.
Түркістан облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, оқушыларды лагерлерге тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайы толық тексеріледі. «Абайлаңыз, балалар!» тақтайшасы автобустың алдыңғы және артқы жақтарына жапсырылып, көліктің доңғалақтары және техникалық жағдайы талапқа сай болуына баса назар аударылады. Автобуста қаралған орындықтардан артық балаларды отырғызуға болмайды және де қосымша жүргізуші міндетті түрде болуы тиіс. Балалардың жазғы демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерьлерге бекітіліп, қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін лагерь аумағында тәулік бойы кезекшілікке түсуде.