Облыс орталығының Түркістанға ауысуына байланысты Кентаудың да жаңа тынысы ашылды. Өңірдегі өзгерістер облыс орталығы Түркістан қаласына ең жақын орналасқан Кентауға да оң әсер еткені сөзсіз. Ендігі жерде Оңтүстік өңіріне тартылатын инвестициялардың көлемі артып, шетелден келетін туристер де саны анағұрлым көбейді. Үшінші мегаполис атанған Кентау қаласы – Шымкент шаһары мен Түркістан облысының жаңа келбетін қалыптастырады. Бұған дейін шалғайда орналасқан шағын қала аталып келген Кентаудың да тынысы кеңейіп, аумағы да ұлғайып отыр.
Моноқаланың тарихы
Кентау қаласының тарихын сөз етер болсақ, оның құрылуы мен өркендеуі жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды өндіруге тікелей байланысты. Кентау деген атаудың «Кенді тау» деген сөзден, яғни «кенге бай тау» деген мағынада алынған. Кентау қаласы Мырғалымсай, Хантағы, Байылдыр жұмысшы поселкесінің негізінде 1955 жылы құрылған. Қазір мұнда 4 ауылдық Ащысай, Байылдыр, Хантағы, Қарнақ әкімшілік округ бар. Байылдыр – ауыл. Кентау каласының солтүстігінде орналасқан. Байылдыр ауылы атауының шығу тегі туралы әртүрлі болжамдар мен нұсқалар бар. Соның бірі моңғол шапқыншылығы кезінде бұл елді мекен жаулап алынып, уақытша еншісінде болғанда монғол тайпасының «байундур» атауынан келіп шыққан десе, ал кей деректерде сол аймақты мекен еткен батыр немесе бай-бағлан кісі есімінің құрметіне берілген атау деген болжам да айтылады. Тағы бір деректерде «бай ылди» деп, яғни орналасқан жердің жағрафиялық ерекшелігіне байланысты аталған делінеді. Қазіргі Байылдыр ауылы Байылдыр өзенінің бойындағы Кеңқол сайында орналасқан. Ащысай – ауыл. Кентау қаласынан алпыс шақырым жерде Қаратаумен түйісіп, Ащысай кенті жалғасқан. Тау баурайындағы суы балдай мекеннің атауы кенішке кіреберістегі екі тарам аша жолға байланысты. Қазақта аша тұяқ, аша таяқ деген сөздер бар. Екі тарам жолдың бірі саймен шектеседі. Қазақтар соны Ашалы сай, Ашасай деп атап, бертін келе Ащысайға айналып кеткен сыңайлы. Тағы бір деректе ертеде осындағы екі таудың ортасы сай болған, сол сайда айырға ұқсас «Аша» деген ағаш көп өседі екен. Сол маңға ел қоныстанғанда, ол жерді «Ашасай» деп атаған. Содан келе «Ащысай» деп аталып кеткен. Хантағы – ауыл. Атауы фольклорлық аңызға байланыстыра қойылған деп болжам жасалған Хантағы ауылының топонимикалық атауына кеңінен тоқталып өтсек: «Елді билеген ханға өлімі қарақұрттан болады деп балгер жұлдызға қарап бал ашып, болашағын болжаған көрінеді. Дәл осы жылдары елде мал да қарақұрттың улы тісінен өлім құшағын жамыла бастайды. Өлімнен қатты қорыққан хан жасағын сайлап керуен түзеп тау жағасын саялап, қарақұрттан қашып Қаратау етегін жайлай қоныс тебеді. Қарауыл жасақтары күндіз-түні көз ілместен ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қорғай бастайды. Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, жиын ұйымдастыру мақсатында сыртқа шығып өз тағына келеді. Хан тағына отыра берген уақытта жел айдап әкелген қарақұрттың баласы ханды шағып, уын тарата бастайды. Талай шаңырақты жоқтатып, ханның отбасының бәрін жалмап бітіп, жер жаһанды қанға бөктірген қарақұрт тұзағының өзіне де келгенін білген ханның соңғы сөзі: «Қан тағы…», яғни тағы да қан деген екі-ақ ауыз болса керек. Содан бері бұл тау Қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетсе керек. Кейбір деректерде сол ханның тағы іспетті біткен тастың болуына байланысты ханның тағы деген атау қойылған деп болжайды. Басқа аңыздарға сүйенсек, ертеректе қол астындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспаған қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты. Осы кезде әміршінің құлағына: «Ойбай, хан ауылына қарақұрт қаптап келеді!» деген хабар жетеді. Бұл тажалдан құтылу үшін қаһарлы хан биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді. Тақ әзір болған кезде хан ауысып алады да, төменге күзет қояды. Ханға ең сенімді жалғыз даяршыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәледен құтылудың амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Бірақ өкінішке қарай, көп ұзамай әлгі тамақ әзірлеуші даяршының бөркіне жабысып келген қарақұрт ханды шағып өлтіріпті. Бұқарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жері кейін «Хантағы» аталып кетсе керек.
Мырғалымсайдан Кентауға ауысуы
Кентау қаласы 1955 жылы тамыз айында Оңтүстік Қазақстан болысында құрылды. Қаланы бұрынғы атауы немесе қала құрылардағы елді мекеннің атауы Мырғалымсай болатын. Мырғалымсай деген кен орны да бар. Кентау қаласын құрудағы мақсат Ащысай полиметалл кенішін байыту жұмыстары болатын. Кентау облыс орталы болып саналатын Шымкент қаласынан 260 шақырым жерде орналасқан. Түркістанқаласымен арадағы қашықтық 30 шақырымды құрайды. Кентау Қаратаудың етегінде орналасқан қала болып саналады. Кентау қаласы «Қаратау тәжі» және «Қазақстанның жасыл-желекті қаласы», ал қала тұрғындарының арасында «кішкентай Швейцария» деген аттарға ие. Қазіргі кезде Кентау қаласында 4 ауылдық округ, 7 елді мекен бар. Сол кезде қала халқының саны ауылдық округтермен қоса 88 мың адамды құрады. Халықтың ұлттық құрамы, қазақтар 65,7%, өзбектер 25,2%, орыстар 5,4%, басқа ұлттар 3,7%. Қала алғаш құрылған кезде орыстар көптеп көшіп келді. Олардан бөлек, гректер, немістер, корейлер, шешендер де қоныстанды. Олар, негізінен, қуғынға ұшырағандардың туыстары мен арттарында қалған үрім-бұтақтары болатын. Қала экономикасы Кентау қаласында аты КСРО-ға әйгілі болған тау-кен орындары, трансформатор зауыты, экскаватор зауыты құрылды. Қала тұрғындарының экономикасы біршама көтерілді.
КСРО-ға әйгілі болған моноқалының құлдырауы
Алайда, XX ғарыдың 80-90 жылдарындағы өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарының жабылуы қала халқының әлеуметтік тұрмысына ауыр соққы болды. Өзге ұлттың басым бөлігі өздерінің еліне көшіп кетті. Ал, жұмыссыз қалған қала тұрғындары ала дорбаларын арқалап, күн көрістің қамымен сауда жасауға кетті. Қараусыз қалған үйлер көбейді. Жарықсыз, жылусыз қалған күндеріді бастан кешірген қала тұрғандырының басым бөлігі туған өлкесін тастап кете алмады. Уақыт өте келе Үкімет экономикасы құлдыраған қалаларға қолдау көрсетті. Кейіннен қайта іске қосылған экскавтор зауытының күші Кеңестік уақыттағыдай жоғары деңгейге жете алмады. Кентау – Қазақстандағы машина жасау, металл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі. Қала экономикасындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Трансформатыр зауыты» ААҚ еліміздегі трансформатор жасайтын жалғыз зауыт, «Экскаватр» ААҚ – металл өңдеп, машина жасайды. Барит өнімдерін, түсті металл концентраттарын өндіретін «Оңтүстік түстіметалл» ЖАҚ-қа Кентау байыту фабрикасы, Ащысай металлургия цехы, темір жол цехы кіреді. Мақта-мата өнімдерін шығарады. «Табыс» акционерлік қоғамы, «Табыс» акционерлік қоғамы, «Эластополимет» ЖАҚ резина-техникалық бұйымдарын, «Ердес-нан» ААҚ-нан, тоқаш, кондитерлік бұйымдарын шығарады. Жалпы өнім жиынтығында өнеркәсіп үлесі 55%-ды, оның ішінде түсті металлургия – 28,8%, электр қондырғыларын шығару – 28,5%, машина жасау – 11,9%-ды құрады. Мәдениет пен қала көрінісі Қалада Мәдениет сарайы, орталық кітапхана, саябақ, кинотеатр, «Кентау шұғыласы», «Кентау» атты қалалық газеттер мен қатар жергілікті «Икар» теледидары жұмыс істейді. Кентау қаласында Халықаралық қазақ-түрік университетінің экология факультетінің бөлімдері, музыка, көркемсурет, спорт, «Дарын» мектептері, мектеп-гимназия, кәсіптік-техникалық мектеп, тау-кен металлургия колледжі, агроколледж бар. Кентаудан Республикаға танымал өнер қайраткерлері Р.Сейтметов, С.Байтереков, Ә.Сығай шыққан. Қалада көрнекті мемлекет қайраткерлері Д.АҚонаевқа, С.Қожановқа, 2-дүниежүзілік соғыста қаза болған жерлестеріне ескерткіш қойылған. Сақ жауынгері бейнеленген Тәуелсіздік монументі бар. Мұнда тіпті дарынды балалар тәрбиелейтін қазақ-түрік лицейі ашылып, 7 сыныптан бастап оқушылар білім алды. Мұнда келген балалар білімдерімен елді таң қалдырып, халықаралық байқаулардан елімізге жеңіс туын көтеріп оралуда. Бұл жағдайлар Кентау қаласының өсіп, дамуына үлкен септігін тигізуде.
Түркістан облысының моноқаласының жаңа келбеті
Облыс орталығына ең жақын орналасқан Кентау қаласы Түркістанмен бірге дамып келеді. Қазірдің өзінде инвестиция жасайтын көптеген компаниялар біздің өңірге қызығушылық танытуда. Міне, осының барлығы облыс орталығының бізге жақындағанының әсері. Яғни, Кентау ендігі жерде шалғайдағы шағын шаһар емес, облыс орталығына ең жақын, әрі жері мен халқы жағынан облыстағы ең үлкен қалаға айналды. Облыс орталығын Түркістан қаласына ауыстыру Кентау қаласының дамуына жаңа серпін берді. Қазіргі таңда моноқалада өндіріс орындарын ашуға басымдық беріп отыр. Кентау шаһарында құны 3 млрд. теңгені құрайтын жаңа 2 инвестициялық жоба – кірпіш зауыты мен темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылып, 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақыта 5 млрд. теңгеге 2 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ол арқылы 420 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Өздеріңізге белгілі, Кентау қаласында жер асты сулары өте жақын орналасқан, сондай-ақ шахталарда су деңгейінің көтерілуі байқалады. Осыған орай, қазіргі уақытта «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесінің құрылысы да жүргізілді. Сонымен қатар, қалаға газ беріліп, бірқатар тұрғындар үйлеріне көгілдір отынды кіргізді. Кентауда және қалаға қарасты елді мекендерде 53 көше жөндеуден өтті. Электр жүйелерін жаңғырту және инфрақұрылымға қатысты өзге де жұмыстар қолға алынуда. Қала тұрғындарының экономикасы көтеріліп келеді. Кентау қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз отырған адамдар жұмысқа оналасып, жұмыссыздардың саны біршама болса да азайды. Көпқабатты жаңа үйлер салынып, баспана кезегінде тұрған мүгедектер, мүгедек бала асыраушылар, жалғысбасты аналар, көпбалалы аналар және мемлекеттік мекемеде қызмет жасайтын қызметкерлерге үй берілді. Қалада орналасқан көпқабатты үйлердің сырты қайта жөндеуден өтті. Қалаға гүлдер мен ағаштар отырғызылып, жасал желекті қаланың сәні кірді.
Шаһар басшысының алға қойған мақсаты айқын
Инфрақұрылымнан бөлек Кентауды қауіпсіз қалаға айналдыру жобасы да жүзеге асырылуда. Ол үшін алдымен қала көшелерін толықтай бейнебақылау камераларымен қамту көзделген. Мәселен, қала көшелеріне орнатылған 70 камераның 42-сі – автоматтандырылған зияткерлік бейнебақылау құрылғысы.
— Аулаларды жөндеу, көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатыралырн жөндеу жұмыстары. Сонымен қатар мынау ауызсу мәселесі, кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Насостық сору станциясы да қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Біршама уақыттан бері тұрғындардың мазасын алып келе жатқан бұрынғы кәріз сору станциясының полифильтрация дейміз ғой, соны көму мәселесі де шешемін тапты. Бұдан бөлек, кентаулықтарды жылдар бойы жылу мәселесі де мазалап келеді. 1954 жылы салынған жылу электр орталығы әбден тозған. Қыс ортасында қазандықтар жарылып, халық суық үйде отыруға мәжбүр болатын. Биыл бұл мәселе де шешімін тауып отыр. Облыстың қолдауымен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр генераторлары мен жылу қазандықтары ауыстырылды. Жаңғырту жұмыстары жүргізілгенен кейін газға қосу жоспарланып отыр. Ал шағын шаһарды дамыту үшін бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Бұрынғы кен байыту фабрикаларын қалпына келтіріп, іске қосу бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Өндіріс нысандарын қайтадан жандандыру, осы жерге инвестиция тарту бойынша да тиісті жұмыcтарды атқарамыз, — деді Кетау қаласының әкімі Жандос Тасов.
Жалпы Кентау қаласында 340 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 20-сы Тәуелсіздік жылдары салынса, қалғаны өткен ғасырда тұрғызылған. Сондықтан қала басшысы Жандос Тасов тозығы жеткен инфрақұрылымды қалпына келтіру кезек күттірмейтін мәселе екенін жеткізді. Ескі шаһардағы халық көп жүретін арбат қайта жаңғыртылып, тұрғындар тынығатын орынға айналады. Сонымен қатар, ескіріп тозығы жеткен автобустар жаңартылып, халықты тасымалдайтын автобустардың саны артты. Елдімекендерге қатынайтын жаңа автобустар қала тұрғындарына қызмет етуде.
Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар толығымен ауыз сумен қамтылған, толық орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Сонымен қатар, қала тұрғындары табиғи газға қосылып, көгілдір отынға қол жеткізді. Кентау қаласының көшелерін жарықтандыру және қайта жаңғырту мақсатында жұмыстар атқарылыр, қала көшелеріне жарық орналтылды. Қала тұрғындары қазіргі кезде емін-еркін жарық көшеде серуендей алады. Сондай-ақ шаһарда жалпы ішкі жолдары мен Түркістан қаласында орналасқан аэропортқа тікелей шығатын жол салынды. Сондай-ақ, қаланың ішкі және елді мекендерге қатынайтын асфальттар да жөндеуден өтті. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қарнақ ауылының 10 көшесін орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 2020-2025 жылдары 128 көшені жөндеуден өткізу және күтіп ұстау жұмыстары жоспарланған.
Көне қала жайында тұрғындар не дейді?
Моноқалада жарты ғасырдан аса тұрып келе жатқан Баташ Нәлтайқызы кезінде эксковатор зауытында еңбек еткен. Кешегі тоқырау заманын да көрді. Кеншілер қаласының көз алдында қайта дамуып келе жатқанына қуанышты.
— Кеңес дәуірінде Кентау әсем қала болды. Менің туған жерім Бабайқорған ауылы. Бала күнімізде Кентауға келу арман болатын. осы арамн болған қаланың тұрғынан тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз эксковатор зауытында жұмыс жасаймыз, кешкісін Спутник, Дружба кинотеатрынан үнді фильмінін көрсетеді. Бәріміз кино көруге келетінбіз. Кейін бәрі қараусыз қалды ғой. Тоқырау кезеңі тұрғындарға қатты әсер етті. Қазір Кентау қаласы күн санап көркейіп келеді. Түркістан облыс орталығы болғалы бері туризм саласын дамыту барысында Хантағы елдімекені де жөндеуден өтіп, Ханның тағын да керемет жөндеуден өткізді. Сонымен қатар, қазақтың кигіз үйлерін тігіп, демаласы жайлауы да демалушылардың қызығушылығын арттыруда. Біздің моноқаламыз бұрынғыдан да гүлдене береді деп сенемін, — деді Балташ Нәлтайқызы.
Жастар жылында Кентауда жаңа саябақ пайдалануға берілді. Онда өскелең ұрпақтың қажеттілігіне орай баскетбол алаңы мен Скейтдром, стритворкаут жабдықтары қойылған. Смарт орындықтарға ұялы телефоныңызды қуаттындыру құрылғысы орнатылған. Ал «Ұстаздар аллеясы» тұнып тұрған креатив. Қаламсап шамдар, өшіргіш орындық, Циркуль әткеншектер балаларды қуантып тастағаны көрініп тұр. Бұл аумақ олардың сүйікті мекеніне айналды. Аллея құрылысына қазынадан 80 млн теңге жұмсалды.
Кентау – жаңа бағытта дамып келе жатқан заманауи шаһар. Соңғы 5-6 жылда жаңа шағын аудандар бой түзеп, қаланың жаңа келбеті қалыптасып келеді. Шұғыла мөлтек ауданы – соның бір көрінісі. Мұнда алғашқы үйлер 2017 жылы салына бастады. Қазір үлкен ауданға айналды.
— Бұрын алғашқыда мына көшелерде ештеңе болмаған. Қазір жарық келді, кәріз жүйесі істеп тұр. Су мәселесі де өз шешімін тапты. Су тапшылығы артта қалды. Қоқысымызды арнайы көлікпен алып кетіп тұрады. Бұрын қоқысты әкетпейтін кезде қатты қиналатынбыз. Әр жерде үйілген қоқыс, қанаың сәнен кетіріп тұратын. Алғашқы кезде әкімшілікке көп баратынбыз. «Неге қоқысты әкетпейді. Иттер көшеге шашып тастайды» деп, қазір жақсы. Жарық өшпейді, қала жақсы дамып жатыр. Соңғы 2-3 жылда мұнда халық жаппай үй сала бастады. Қала тұрғындарының жағдайы біршама көтеріліп келеді, — деді Жадыра Жүнісбайқызы.
Еліміздегі моноқалалар тізіміне енген Кентаудың бүгінгі келбеті осындай. Қала әкімдігі мұнымен де тоқтап қалмақ емес, қаланы гүлдендіру мақсатында жұмыстар жасауда. Ал, қала тұрғындары моноқаланың келбетінің бұдан да көркейе берінен сенімді.



