Бұл туралы бүгінгі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының Ясауи білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмақанов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Түркістан облысының жасыл желегін дамыту мақсатында 3-4 тамыз күндері Түркістан облысының 5 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы орталығының ашылуына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Ғылыми конференцияда шетелдік ғалымдар өңірдегі жасыл желек және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудармақ.
—Соңғы бес жылда Түркістан облысы көптеген игі жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Осы орайда өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, халқы мен ауылшаруашылық егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан Жасыл желегінің орны мен рөлі ерекше. Түркістан облысы көпсалалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ең күрделі шешімін таппай жатқан мәселелерде осы өңірде деуге болады. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың құнарсыздануы, өнім сапасының төмендеуі және тағы басқа қордаланған мәселелер аз емес. Осы мақсатта Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының орталығы ашылғалы отыр, сондай-ақ осы мәселерлердің алдын алу және облыстағы жасыл белдеу мен көгалдандыруды дамыту үшін халықаралық ұйымдармен шетелдік ғалымдарды шақырып отырмыз. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында топырақтың құнарлылығы мен өнім сапасын жоғарылатуға бағытталған «гумус», «биогумус», «органикалық тыңайтқыш» деген жаңа ұғымдар келіп қосылды. Осы орайда облыста мақсат тек жоғарғы өнім өндіру ғана емес, жетілдірілген сапалы өнім халықымыздың игілігіне жарату болып саналады, — деді Битөре Молдатөреұлы.
Брифингте сөз алған Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу және екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелетіндігін айтты. Осы ретте жасыл желектерді күтіп баптау мерзімі 5 жылға созылғандығын мәлімдеді.
—Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында климаты күрт континетальды болуына орай, егілген орман ағаштарының 1-2 жылдары 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс.
Сонымен қатар, Түркістан облысындағы мәдени орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгіленді. Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, күзгі түгендеу қортындыларына сәйкес, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 60-65 %-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, Арал теңізінің тартылуы, түбінің тұздануы, оған жақын орналасқан көрші мемлекеттер мен еліміздің бірнеше облыстары, оның ішінде Түркістан облысындағы бірқатар аудан, елді мекендерге де табиғи кері әсерін тигізуде. Тұздың Аралдан ұшпауына тосқауыл болатын жалғыз жол – Арал ұлтанына өсімдіктер егу және сексеуіл алқабын отырғызу болып саналады, — деді Қайрат Аманкелдіұлы.