Түркістан облысында туберкулезден негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер 2022 жылмен салыстырғанда 17,9%-ға төмендеген. Былтыр 315 жағдай тіркелсе, биыл 263 жағдай еніп отыр. Аурудың таралуы бойынша да көрсеткіш өткен жылға қарағанда 18,9%-ға азайған.
Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы кезекті алқа отырысында осы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Алқа отырысының жұмысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты. Жиынды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев жүргізіп күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
2023 жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес Түркістан облысында туберкулез бойынша негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер туралы облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың басшысы Рамазан Бектұрғанов баяндама жасады.
Өңірде 6 айда 499 134 флюороскрининг есебін жүргізу жоспарланса, оның 403 576-сы тексерілді. Нәтижесінде 87 туберкулез науқасы анықталды. Ауруды емдеу тиімділігі жыл басынан бері 93,2%-ды құрады. Атап өтерлік, Түркістан облысында туберкулезден өлім көрсеткіші 50%-ға төмендеген. Былтыр 8 жағдай орын алса, осы жылы 5 жағдай тіркелді. Ал, әлеуметтік қолдауға келер болсақ, ай сайын 5-15 АЕК көлемінде науқастардың жеке есеп шотына қаржы аударылады.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) көрсету ұйымдарында қақырық жинайтын және химизатор бөлмелері, фтизиатриялық кабинет, G-Xpert аппараты қолданылады. Өңір бойынша жалпы 57 фтизиатр, 42 фтизиопедиатр қызмет көрсетеді. БМСК медициналық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша 448 дәрігер, 1373 орта буын қызметкері оқытылды. Өңірде фтизиатриялық және пульмонологиялық қызметтерді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы құрылып, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысымен бекітілді. Респираторлық медицинаны интеграциялық дамыту және тыныс алу ағзаларынвң аурулары кезінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жетілдіру бағыттары қарастырылған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе 2023 жылдың жартыжылдығының қорытындысына сай Түркістан облысы бойынша нәрестелер мен балалар өлімінің жағдайын талдау туралы облыстық балалар ауруханасының басшысы Алтын Досанова баяндады. Биыл жартыжылдықта неонаталдық өлім 4%, нәресте өлімі 7,2%, балалар өлімі 9,4%-ды құрады.
Үшінші мәселе облыстағы акушерлік-гинекологиялық медициналық қызметтің жай күйі туралы №1 облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Рахима Нәлібаева мәлімдеді. 2022 жылы 27 809 босану жағдайы тіркелген болса, 2023 жылдың 6 айында саны 26 779 құрады. Түркістан өңірінде босандыру қызметі, кадрлық ресурс, медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80-95% аралығын құрайды. 3 облыстық перинаталдық орталық, 18 жергілікті медициналық ұйым жұмыс істейді. Жиын барысында өзекті проблемалар қозғалды.
— Адам өмірін арашалаушы дәрігерлер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны абзал. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізбеген медициналық ұйымдарының басшыларына тиісті шара көру қажет. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы ана мен бала өлімінің алдын алу, ерте жүктілік және суицид мәселелеріне жіті мән беру, ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандардың білімін жетілдіру және осы сынды маңызды бағыттар бойынша тапсырмалар жүктеген болатын. Сонымен бірге жеке медициналық ұйымдар жұмысының сапасын да қадағалау қажет. Оларда өңір халқының 300 мыңы тіркеліп, ем алуда. Алайда, сапалы қызмет көрсетуі бойынша түрлі шағымдар бар. Енді мониторинг жұмыстары жүргізіліп, бұл мәселе арнайы талқыланады, — деген Бейсен Дәулетұлы жиынды түйіндеді.
Алқа жиынында қозғалған мәселелер мен тапсырмалардың орындалуы 9 айлық қорытындыда қаралып, нәтижесіне сай шешімдер қабылданатын болады.