Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы 5 айында Түркістан облысында 2193 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіштен қылмыстың едәуір төмендегенін байқауға болады. Оның ішінде ауыр қылмыстар 25,4 пайызға, ұрлық 32,2 пайызға, пәтер ұрлығы 33,9 пайызға, бұзақылық 24,7 пайызға, алаяқтық 16,7 пайызға кеміді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 13,6 пайызға, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар 16,7 пайызға азайды.
Жалпы соңғы уақытта қоғамда белең алған алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында Түркістан облыстық полиция департаменті жанынан «CyberPol» арнайы тергеу-жедел тобы құрылған болатын. Қазіргі таңда аталмыш топ мүшелері қоғамымызда алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында нақты шараларды қолға алуда. Соның нәтижесінде айласын іске асырғысы келетін алаяқтар қолға түсіп жатыр.
Айталық, Сайрам ауданында алаяқтық жолмен танысының 2 миллионнан астам ақшасын алған күдікті анықталды. Оқиғаның мән-жайын толығырақ баяндайық. Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оны бейтаныс адам «Онлайн тауар сатуды үйретемін» деп сеніміне кіріп, 2 миллионнан астам ақшасын жымқырып кеткен.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 190 бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Тәртіп сақшылар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, күдіктінің жеке басын анықтап, жергілікті полиция басқармасына жеткізді. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушінің ірі көлемдегі ақшасымен өз қарызын жауып жіберген.Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, мемлекетімізде құқық қорғау саласында бүгінге дейін көптеген реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ел Президенті қаңтар оқиғасынан кейін полиция жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Ол халықтың мүддесін қорғауға бағытталған полиция құру еді. Осы мақсатта өңіріміздегі құқық қорғау саласында цифрландыру және оңтайландыру бағыттарына басымдық беріліп, нақты шаралар қолға алынуда. Бірнеше пилоттық жоба іске асырылды. Соның бірі ретінде жоғарыда атап өткен «CyberPol» арнайы тергеу-жедел тобын айтуға болады. Жалпы, «CyberPol» пилоттық жобасыцифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресуді, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді. Облысымыздағы тергеп-тексеру тобы барынша қырағылықпен қызмет етуде.