Өңірімізде ҚР Ішкі істер министрлігінің «CyberPol» пилоттық жобасының іске асырылғанына біраз уақыт болды. Бүгінде бұл бастаманың оң нәтиже бере бастағанын көруге болады. Айталық, Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасында құрылған арнайы топ өкілдері интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан 31 тұрғынды ұстап, олардың 56 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмыстарына қатыстылығын дәлелдеген.
Жалпы бұл «CyberPol» пилоттық жобасы цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресуді, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді.Осы бағытта Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы қарқынды жұмыс жүргізуде.
Қазіргі таңда департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топтың қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттары сотқа жолданған. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетейік. Аталмыш топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн-несие алған жас жігітті ұстады. Орайы келгенде оқиғаны толығырақ баяндай кетейік, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіттің ұялы телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, атынан 1 миллион 600 мың теңге несие рәсімдегенін мәлімдеген. Ақпарат алысымен арнайы құрылған топ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауға кірісіп, іздеу шараларын жүргізді.
Нәтижесінде, күдікті ретінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, жұмыссыз жүрген жас жігіт анықталды. Оның 6 бірдей жүргізушіні алдап, оларға жалпы соммасы 6 млн. теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені белгілі болды. Несиеге мақұлдау алған алаяқ, танысы ақша салып жібергенін айтып, жүргізушінің ұялы телефоны арқылы арнайы терминалдардан қаражатты шешіп алып отырған.Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты материалдар айыптау актісімен сотқа жолданды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Киберқылмысқа қарсы күрес» қызметкерлері орын алған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында, жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып келеді. Солардың бірі ретінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын айтуға болады.
Мәселен, жақында полицейлер 45 жайт бойынша алаяқтық қылмысына қатысы бар делінген күдікті ер адамды Шымкент қаласынан ұстады. Бүгінде бұл қызылордалық күдіктінің Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы аумағындағы алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 6 миллион теңгені құрады. Белгілі болғандай, ер адам дүкендер мен дәріханаларға кіріп, сатушылардың сеніміне кіріп, түрлі тауарларды жымқырып келген. Яғни, алаяқ «көліктен ақша алып келіп төлеймін» деген сылтаумен тауарларды тиеген бойда оқиға орнынан ізін суытып отырған. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Міне, сондықтан да Түркістан облысының полицейлері азаматтарға үнемі мұқият болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін жеке деректерді, банк карталарындағы нөмірлерді, ұялы телефонға келген кодтарды өзге біреуге айтуға және беруге болмайды.