Түркістан облысының полицейлері 16-18 тамыз күндері аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Бұл бағытта облыстың тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған «Cyberpol» арнайы жедел-тергеу тобы да қарқынды жұмыс жүргізуде.
Мәселен полицейлермен «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылды. Сонымен қатар, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
Белгілі болғандай, күдікті әлеуметтік желілерге «Вахталық жұмысқа орналастырып беремін» деген жалған жарнама салып, жәбірленушілердің сеніміне кірген. Содан тұрғындардың ақшасын таныстарының есепшотына аудартып отырған. Күдікті азаматтың қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге 1 200 000 теңгеге жуық материалдық шығын келген.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Астана қаласынан жеткізілген күдіктінің бұрын дәл осындай алаяқтық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды.



