Жақында «Cyberpol» қызметкерлері вахталық жұмысқа орналастырып беремін деп 10 тұрғынды алдаған алаяқты анықтады. Толығырақ айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері 16-18 тамыз күндері аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Жалпы қазіргі таңда бұл бағытта облыстың тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған «Cyberpol» арнайы жедел-тергеу тобы қарқынды жұмыс жүргізуде.
Айталық, «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылды. Сонымен қатар шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
Белгілі болғандай, күдікті адам әлеуметтік желілерге «вахталық жұмысқа тұрғызып беремін» деген жарнама салып, жәбірленушілердің сеніміне кірген. Содан тұрғындардың ақшасын таныстарының есеп шотына аудартып отырған. Күдікті қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге 1 200 000 теңгеге жуық материалдық шығын келген.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 190 бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіле бастады. Астана қаласынан жеткізілген күдіктінің бұрын дәл осындай алаяқтық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды.
Реті келгенде «CyberPol» пилоттық жобасын туралы толығырақ айта кетейік. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресуді, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Бүгінде Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың интернет-алаяқтық қылмысына (56 дерек) қатысы барын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды.
Киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері орын алған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып келеді. Мысалы, бұл топ 18-20 сәуір күндері аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды.
Жалпы «CyberPol» жобасы еліміз бойынша қолға алынған. «Қазіргі таңда аталған жоба аясында интернет-алаяқтықтың 234 дерегі анықталды», — дейді ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
«Киберқылмыскерлер мен интернет-алаяқтар жаңа схемаларды әзірлеуді жалғастыруда және қарапайым тұрғындарды алдаудың әртүрлі жолдарын табуда. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі қылмыстың аталған түріне қарсы тұруға ерекше назар аударады. Полиция цифрлық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күресте, мемлекеттік органдармен өзара байланыс жасағанда және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруда өзінің тиімділігін көрсететін «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосты», — деді Шұғыла Тұрлыбек.



