Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы, яғни 86,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде 101 елдімекен ауызсуды бұлақ көздерінен, 11 елді мекен ашық су көздерінен пайдалануда. Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін ауыз судың орташа тариф құны – 64,97 теңге, бюджеттік мекемелер үшін – 125,3 теңге, өнеркәсіп және коммерциялық ұйымдар үшін – 129,5 теңге. Биыл 831 елді мекеннің 736-сын немесе 88,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Бүгінде Төлеби ауданында осы бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі ретінде Ұзынарық елді мекенінде ауыз су жүйесінің жаңартылып жатқанын айтуға болады. Жалпы Төлеби ауданына қарасты 55 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Қазіргі кезде уақыт ағымына қарай тозығы жеткен ауыз су жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай құрылыс жұмыстарының бірі Қоғалы ауылдық округі Ұзынарық елді мекенінде жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «СтройЖолСервисKZ» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі таңда резервуар орналасатын алаңша тегістеліп, қарауылхана, бактерицидтік ғимарат пен резервуардың құрылысы жүргізілуде. Алаңшаны қоршау жұмыстары қоса атқарылуда. Сондай-ақ, Жерұйық көшесіне 1500 метр диаметрі 160 мм-лік құбыр және 200 метрге диаметрі 63 мм-лік құбыр тартылып, 15 су құдықтары орнатылды. Елді мекенге ауыз су тарту ісі 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсырған болатын. Сонымен қатар, өңір басшысы ауыз суға қатысты жобаларды жеделдету керектігін тілге тиек етті.
– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деген болатын Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады.
Осындай шаралардың нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында. Сонымен қатар 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылады. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан.
Айта кетейік, облыста ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер жетерлік. Мәселен, Сауран ауданында сондай үш елді мекен бар болса, Бәйдібекте 5 елді мекен шалғайда орналасқан.Созақта 6 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Сала мамандары 4 елді мекенге су құбырларын жүргізу, 2 елді мекенгеблок-модуль кешенін орнату жоспарланып отырғанын айтады. Одан басқа 4 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауыз су тарату нысанына мемлекеттік жер актілері алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынатын болады.
Сарыағаш ауданында дәл осындай алты ауыл бар. Арыс қаласында 7 елді мекен құдық суын ішіп отыр.



